Аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың салтанатты жиында сөйлеген сөзі
Ардақты ағайын!
Құрметті қонақтар!
Тарихы терең, аңызға кенен Қарасай елі, бүгін өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтуде.
«Тарихты қайта жасауға болмайды, одан үйрену» керек демекші, бүгін ауданның 90 жылдық мерейтойын атап өтудегі басты мақсатымыз, ғасырға жуықтаған аудан тарихын сараптай, саралай отырып, өткенімізден таразы тағылым алуды ойладық. ХХ ғасырдың еншісіндегі қым-қиғаш оқиғаларға, ұлт-азаттық көтеріліс, қазан төңкерісі, қолдан жасалған аштық, дүниежүзілік соғыс және бірнеше реформаларды бастан кешкен еліміз үшін 90 жылда ескеретін жағдайлар жетерлік.
Міне, осындай күрделі оқиғаларға толы өзгерістерді бұрынғы Калинин, кешегі Қаскелең, бүгінгі Қарасай елі де бастан кешкені белгілі.
Ал енді осы Қарасай ауданының, құрылып-қалыптасу кезеңіне тоқталсақ.
Қарасай ауданы – 1929 жылдың 31 қаңтарында құрылып, бастапқы аты Калинин ауданы болған. 1935 жылы Қаскелең ауданы ананып, ал 1998 жылдың 3-ші қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қарасай ауданы болып өзгертілді.
Аудан аумағы 2,3 мың шаршы км, 47 елді мекені бар, 1 қалалық, 10 ауылдық округтерден тұрады. 32 ұлт өкілдерінен құралған 270 мың халқы бар.
Аудан аумағында Іле-Алатау ұлттық паркі орналасқан. Ауданның басты бағыттары өнеркәсіп пен ауылшаруашылық саласы.
Ауданымыздың ежелгі тарихына үңілер болсақ, бұл өңірді адамдар сонау қола дәуірінен бері мекен еткен. Беріде Үйсін, Қаңлы тайпаларының мемлекеттері өмір сүріп, қол өнері дамып, егін, мал шаруашылығымен айналысқан. Сонау көне заманнан бері Каскелең, Шамалған өзендерінің бойын жағалап қоныстанған, Үшқоңыр жайлауын мекендеген ата-бабаларымыздың тарихы терең. Шығыс пен батысты жалғаған Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан шұрайлы жерге көз тіккен Қытай, Моңғол, Жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыста жергілікті халық жан аямай шайқаса отырып, кең байтақ жерін сақтап қалған. Арғысын айтпағанда, XVIІ-XVIIІ ғасырларда алаш жұрты түгел көтеріліп, жоңғарларға қарсы жойқын соққы берген үлкен шайқастарда Қарасай, Наурызбай, Әйтей, Жауғаш сынды хас батырларымыз қол бастап, өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен.
Сондай-ақ, ХХ ғасырдағы ұлт азаттық көтерілісінің көшбасшы батырлары Бекболат Әшекеев пен Байбосын Тамабаевтар азаттық үшін жанын қиған ерен ерлер болып саналады.
«Ерлік – ердің атын шығарар» демекші, 1916 жылғы ақ патшаның «Июнь жарлығы» деген атау алған, қазақ халқының намысы тапталған ессіз құжатқа қарсы ұйымдастырылған, Ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырып, Жетісудің Алатау бөктеріндегі халық көтерілісін Қаскелең жерінің тумасы, 73 жастағы қарт батыр Бекболат Әшекеев басқарған болатын.
Қазақ жерінің түкпір-түкпірінде бұрқ етіп көтерілген ереуілдердің ішінде, Жетісу жерінде Бекболат Әшекеев пен Байбосын Тамабаевтар басқарған көтерілісшілердің жанкешті ерліктері айрықша болды. Олар алдына қойған мақсатынан қайтпады, бастарын өлімге тігіп, халқына берген уәдесiнен таймады. «Жауды басындырма, жақынды ашындырма» дейтін елдің ұрпағы, дар ағашының жанында тұрғанда да өлімнен тайсалмай, кiмге қарсы шыққанын ашық айтып, туған халқының намысын бәрінен жоғары қойды, ұлтының жарқын болашағына сендi.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында «ХХ ғасырдың басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен тоғысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ» – деп атап көрсеткендей, өткенімізді зерделеп, тағлым алу үшін «тар жол-тайғақ кешу» кезеңінде өмір сүріп, елі мен жері үшін аянбай еңбек еткен, соның жолында құрбан болған тұлғаларымызды еске алып құрмет көрсету – ұрпағымызға өнеге. Жетісу аймағының халқы үшін жалынды революционер Ораз Жандосовтың күреске толы өмірінің маңызы ерекше болмақ.
XX ғасырдың 20-30 жылдары, Қазақстан тарихының қарама-қайшылықтарға толы күрделі кезеңінде, Ораз Қиқымұлы Қазақстан мен Түркістан аймағының қоғамдық-саяси, ғылыми ағартушылық мекемелерінде жиырма жылға жуық жауапты қызметтер атқарған. Қоғам қайраткері Ораз Қиқымұлы Жандосовтың Кеңес Одағының Қазақстан мен Орта Азия аумағында ірі саяси қайраткер ретінде беделі биік болды.
Жетісу өлкесі, ұлы дала мәдениетінің құрамдас бөлігі бола отырып, асқақ әншілер мен айтулы күйшілер, жалынды ақындар мен дарынды жазушыларды дүниеге келтірген құтты мекен.
Қарасай ауданында дүниеге келіп, өздерінің өнерлерімен елінің абыройын асқақтатқан, халқының мақтанышына айналған азаматтар, халық ақындары Саяділ Керімбеков, Несіпбай Манашев, Құрманғали Ұябаев, Молдабек Саламатов, Нұрсұлтан Әлімқұловтар мен айтыс ақындары Нұрила Әбенқызы, Табия Қаражанова, Оспантай Есқожаев, Сәдібекпен қатар Байділда Қалтаев, Әнуарбек Тұяқбаев, Бақыт Әшімова, Алдаберген Нұрбеков сияқты халық әртістері.
Осы орайда өткен кезеңдерде елге арналған еңбегімен, байыпты басшылығымен ауданды алға апарған Рахымжан Мақашев, Дмитрий Иванович Зайко, Төребек Қосынов, Әлихан Тойбаев сияқты ардақты азаматтарды атап өткеніміз жөн. Кешегі кеңес өкіметі тұсында Асанжан Көбелеков, Өміртай Өмірбеков тәрізді аталарымыз Социалистік Еңбек Ері атанып, халық құрметіне бөленді. Совхоз басқарған Ахмет Байболов, Келіс Өмірғалиев, Бақыт Оспанов, Ахметжан Есімовты да ел біледі. Жерлесіміз Ахметжан Смағұлұлы Қазақстанның Еңбек Ері деген ең құрметті атаққа қол жеткізіп, үлкен абыройға бөленіп, ел қуанышына айналды.
Бүгінгі Қазақстан – ілім-білімі, ғылымы дамыған ел. Осы салаға еңбегін сіңірген қарасайлық ғалымдар да аз емес. Олардың қатарында профессорлар Мұхамеджан Ерлепесов, Бекбосын Кереев, Өжетбек Өмірзақов, Сағатбек Райымов, Алмас Қосынов, Бекен Ыбырайым, Жұмабек Тұмбай, Орынбек Төрешов, Ахмет Байболов сияқты ғалымдар бар. Академиктер Рахым Оразалиев, Сайлау Бабаев, Ізтілеу Әбуғалиев, Кенжас Иманғазиев, Ешімбет Байбарақов, Серік Кененбаев тәрізді ірі ғалымдарды да айтқанымыз жөн.
Алматы облысының қарашаңырағы – Қарасай ауданы, бақ қонған, қызыр дарыған киелі жер, еліміздің Тұңғыш Президенті, бүгінде күллі әлем таныған, дана саясаткер Н.Ә.Назарбаевтың кіндік қаны тамған жері, ер жеткен алтын бесігі.
Алатаудың бөктерінде жасыл желекке оранған ауданның жұртшылығы тарихымен де, бүгінгі шыққан биіктерімен де мақтануға құқылы. Еліміздің еркіндігі жолында бастарын бәйгеге тіккен батыр бабаларымыздың өшпес ерлігі жігерімізді жанып, рухымызды оятуда. Қиын-қыстау кезеңдерде қазақ жеріне қоныс аударуға мәжбүр болған жүздеген ұлттар мен ұлыстарды жатсынбай құшағына алып, оларға құтты қоныс болған Қарасай ауданы қазіргі кезде татулық пен бірлікке көлеңке түсірмей, өркениет өріне қадам басуда.
Аудан жұртшылығы өздеріне қойылар зор міндет пен жауапкершілікті сезіне отырып, экономиканың барлық көрсеткіштерінде алда болуға ұмтылуда. Қарасай ауданы Алматы облысындағы әлеуметтік-экономикалық даму жағынан едәуір ілгері тұрған өңірдің бірі саналады. Бүгіндері біз Қарасай ауданы арқылы әлем жұртшылығына еліміздің даму қарқыны мен бағытын айқын көрсете аламыз. Мұндағы заманауи технология бойынша жабдықталған өндіріс орындары, агроөнеркәсіп кешенінің үздік үлгілері, халыққа қызмет көрсету саласы, медицина мен білім беру жүйесі, сәулетті ғимараттар мен жайлы тұрғын үйлер осының айқын айғағындай.
Бұл жерде айтарымыз, аудандағы 18 ірі кәсіпорынның 16-сы сапа менеджменті және халықаралық стандарт ИСО жүйесі сертификаттарына ие болған. Ауданда жүйе құраушы 7 кәсіпорындар орналасқан. Шетелдік инвестиция арқылы салынған 7 ірі кәсіпорындар жұмыс істеуде. Олардың ішінде Қаскелең қаласындағы «Хамле» фабрикасы, Елтай округіндегі «Coca Cola», «Эфес Казахстан», «Kelun-Kazphаrm» компаниялары.
Қазыналы Қарасай жерінің табиғаты да тамаша, ел қызыға көретін орындары да жетіп артылады. Ауданда барлығы 34 туристік нысан бар. Олардың ішінде «Көктау» тау шаңғысы курорттық аймағы, «Нұр Тау» форель шаруашылығы, «Аuyl Resort» және «Home Club» демалыс аймақтары, «Nomad» этноауылының да туристер үшін есігі айқара ашық.
Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойы өткенімізді саралай отырып, кемелді келешегімізге қарышты қадам басудың алғы шарттарын жасау үшін де қажет. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасында, «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңгегі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деген еді. Міне біз осы жолда, алдағы уақытта аянбай еңбек ететін боламыз.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының елімізге үлкен серпіліс әкелгені белгілі. Осыған орай облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың қолдауымен Шамалған ауылында «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылды. Бұл Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған орталықтың халық үшін құндылығы жоғары, маңызы зор. Мұнда келушілер Елбасының ғибратты ғұмырлық жолымен қатар, Тәуелсіз қазақ елінің өсу, даму, қалыптасу кезеңдері туралы да толық біле алады. Елбасының туған жеріндегі рухани нысан ел көлеміндегі киелі орынның біріне айналып отыр.
Қарасайлықтардың тағы бір мақтанышы – «Үшқоңыр» денешынықтыру-сауықтыру кешені. Ол өзінің заманауи сәулеттік үлгісімен, жастарға әртүрлі спорт түрімен айналысуға беретін жақсы мүмкіндігімен республика бойынша айрықша тұр деуге болады. Осы тұста «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жеріне туынды тік» бағыты бойынша жүзеге Жерлесіміз Алик Шпекбаевтың ұйымдастыруымен ашылған «Анаға құрмет» және «Батыр бабалар» музейлері. Әйел-аналарды ерекше әспеттеп, қадірлеп-қастерлеуге жетелейтін «Анаға құрмет» музейінің егемен елімізде баламасы жоқ. Оның қазақстандық «КИНЭС» рекордтар кітабына енгені бұған дәлел. Ал, қазақ халқының баһадүр батырларының ерен ерліктері жайында байыпты баяндайтын «Батыр бабалар» музейінің де өзіндік орны бар.
Елге белгілі азамат Амангелді Шабдарбаевтың ұлттық спорт түрлерінің, оның ішінде халықтық ат ойындарының өрісін кеңейтуге, жастардың бойында патриоттық, отаншылдық сезімді ұялатуға көп күш жұмсап жүргені де ел-жұрттың ыстық ықыласына ие болуда.
Тәуелсіздік туы астында бейбіт өмір сүріп жатқан қарасайлықтар ортақ Отанымыз – Қазақстанның дамуына сүбелі үлесін қосуда. Ауданның 90 жылдық мерейтойына да толағай табыстармен келіп отырғаны аян. Бұл ретте «90 жылдыққа – 90 іс-шара» бағдарламасы бекітіліп, біршама жұмыстар атқарылды.
Мерейтой қарсаңында облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың қолдауымен аудан орталығы – Қаскелең қаласының келбетін әсемдеу, қаланы тұрғындардың тұрмысына қолайлы ету мәселесі өз шешімін тапты. Бұл мақсатқа орай орталық көшелердің жолдары жөнделіп, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларға тас төселді. Өздеріңіз куә болғандай, Мәдениет үйінің маңына да сапалы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, алаңға Қорқыт атаның мүсіні, жастарға арналған шағын сәулеттік композиция, өнерпаздарға арналған сахна орнатылды. Бұл жер бүгін аудан жұртшылығының серуендеп дем алатын, көз қуанышына айналды.
Аудандық әкімдіктің жанындағы орталық алаң өзгеше қайта жаңғыртылды. Қарасай батыр бабамыздың ескерткіші бой көтерді. Ескерткіш меценат Болат Әбішұлы Назарбаевтың өз қаражатына орнатылды.
90 жылдыққа орай ардагерлердің ұсынысымен, депутаттардың қолдаумен «Туған жерге туыңды тік» қоғамдық қоры құрылған болатын. Аталған қорға қаржылай көмек көрсеткен жерлестеріміз Болат Назарбаев, Александр Угрюмов, Ерлан Мұқашев, Виктория Горобцова, Жеңіс Бектасов, Болат Өмірәлиев сияқты азаматтар үлкен үлес қосып, елдік сипаттағы игі ісімен танылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында: «Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын. Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық. Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін» – деп айтқаны өте орынды деп білемін.
Өзінің туған жерін алтын бесігі санайтын қарасайлықтар, ауданымыздың өсуіп өркендеуі жолында еселі еңбек етіп, толымды табыстарымен биік белестерден көріне береді деген сенімдеміз.
Ардақты ағайын!
Қадірменді қонақтар!
Баршаңызды ауданның 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Ерлігі аңызға, аты ұранға айналған Қарасай батыр елінің, аспаны әрдайым ашық, ынтымағы бекем, ырысы мол болып, табысы жылма-жыл арта берсін!
Отбастарыңызға береке-бірлік, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Мәңгілік Ел болуға ұмтылған «Ұлы дала» елінің, биік мақсаттары мерзімінде орындалып, абыройы асқақтай берсін!
Мерейтой құтты болсын қадірменді қарасайлықтар!