Кеген өңіріндегі Сулысай жайлауы жердің жаннаты іспетті. Өз тұсында осынау түгін тартса, майы сорғалаған қастерлі де қасиетті жерде бірнеше ауылдың малшылары мен қойшылары іргелес қоныстап, берекесі таусылмас мерекесіне, тамашасы тамашасына ұласып жататын. Мұның бәрі біз сөз еткелі отырған ерлі-зайыпты Серікжан мен Бағдаттың жүректеріне берік ұялап қалған. Сол кездегі елдің ынтымақ, бірлігін айтсаңызшы. Көк шалғыны самал желмен тербетіліп, мөп-мөлдір бұлақтары сыңғыр қағып, толықсып жататын хан жайлаудың төрі апта сайын жиын-тойдан арылмайды деседі. Қоныстас қонған көршілердің еруліктері де айдан айға созылып жататын. Жайлаудың неше түрлі қырмызы гүлдері көздің жауын алып жататын тамаша шақтарда қуаныштарға арналған ұлтымыздың сан ғасырдан арна тартып келе жатқан ойындары өрнегін құратын. Жүздері жаз гүліндей жайнай түскен, сәмбі талдай бұратылған бойжеткендер мен мұрты тебіндей бастаған бозбалалар осы жерде табылатын. Алтыбақан тебіліп, жастар жағы кешкілік ақ сүйек ойнайтын.
Қазақтың ежелдан келе жатқан көкпар, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ секілді ұлттық спорттық ойындары тойдың әрі мен мәнін ашып, түрлендіріп жіберді. Той десе елеңдеп тұратын ағайынның күткені де осы емес пе?! Кезек қыз қууға келгенде Бөлексаз ауылының атынан бұл додаға Серікжан аға түсетін болды. Жастайынан жылқымен өскен, ат құлағында ойнайтын, көкпар десе де елеңдеп, құлшынып, ширығып сала беретін Серікжан ағамыз қыз қууға дайын тұрған жас жігіт еді. Есін білгеннен малды ауылда өсті. Әкесі Алпысбай еліне сыйлы, аймағына мәлім айтулы малшы болды. Серікжан ағаның түр тұлғасы да келісті, қап-қара шашын артына қарай жарастыра қайырған, бұлшық еттері бұлтылдаған, қарулы, жігерлі, оттай жанып тұрған жігіттің жігіті болатын. Ал, Шырғанақтай ауылдың атынан қыз қууға түскен Бағдат атты тал бойында бір міні жоқ, аққұба өңді, жанары нұр шашқан, қыр гүліндей әдемі қыз. Кішкентай кезінен атқа мініп, жылқыға бауыр басып, мал қайырып өскен малды ауылдың сергек те сезімтал, бәрінен хабардар қызы көрген жан көзін тайдырып әкетердей келбеті еді. Көптің асыға күткен қыз қууы басталып-ақ кетсін. Бойларына ұлттық киімдері жарасқан қыз бен жігіт аттың басын жіберді. Үкілі кәмшат бөркі мен етегіне төгілген оюлы көйлегі жарасқан Бағдат апай малды ауылдың қызы емес пе, астындағы аты да жараулы көрінеді. Жігітті шаң қаптырып кете барды. Алысқа ұзап барып кері қайырылған бойжеткен қайтарында құры қайтпай, қарсы ұшырасқан жігіттің арқасына қамшысымен бір-екі рет салып өтті. Серікжан ағаның бұл жолы тауы шағылғанмен десі қайта қойған жоқ. Бұрын сырттай көріп жүретін қызға деген сезімі мен көңілі бұрынғыдан да маздай түскен. Үй мен даланың жұмысына әбден төселген, көрсең көзің тоятын айдай ару сол күннен бастап көз алдында тұрып қалды. Сол күні қыз қуудан кейін бойжеткенмен жақынырақ әңгімелесіп, бұдан кейін кездесіп тұрайық деген жылы уәдесін алып қалған жігіт көңілін бір демдеген. Оған Бағдат апайдың адамды жатырқай бермейтін ашық жарқын мінезі, ер көңілі, жылы жүзі, жайдары қабағы бірден ұнады. Содан кейін-ақ қызды ауылдың айналысынан табылып жүрді. Сөйтіп, қыз қуудағы таныстық қос жүректі өзіне баурай тартқан махаббат сезіміне ұласты. Бағдат та екінің бірі ғашық боларлықтай жігіттен іргесін аулақ салған жоқ. Жүрек сөзін, сезімін білдірген кезінде де көп тостырмай, аңсаттырмай, шаршаттырмай өзінің де тілегінің, жүрегінің бір екенін білдірген. Сол күнгі жігіттің қуанышына шек болған жоқ. Жараулы атымен құстай ұшып, талай жерге барып қайтқан. Бұл 1988 жылғы жадыраған жаз маусымы болса, көп ұзамай 1989 жылдың ақпан айында қос жүректің, қос ғашықтың үйлену тойлары дүркіреп өтті. Қыз қууда табысқан жас шаңырақ иелеріне сол кездегі шаруашылық басшыларының да назары ауып еді. Ақпан айларында үйлену тойлары өтсе, көп ұзамай наурыз мерекесінде шаруашылық тарапынан «Ат тұяғын тай басар» демекші, Серікжанға атаның ақ таяғын қолына ұстату рәсімі болды. Бұл күні алтыбақан тербетіліп, ұлттық ойындар өрнегін сала түсті. Сөйтіп, қос жүректің қуанышы ұзағынан сүйіндірді. Сол күннен бастап Серікжан Алпысбайдай әкесінен екі жүзге тарта іріқараны өткізіп алып, малшылық өмірін бастап кетті.
Бүгінде Бөлексаз ауылында тұратын Серікжан Битіманов пен Бағдат Сламжанова жылы мекендегі өсіп-өнген, балалы-шағалы, өнегелі шаңырақ иелерінің бірінен саналады. Қыз қууда «Жігітті шаң қаптырған» қыздың ата-анасы туралы бірер сөз. Бағдаттың әкесі Сламқожа Сламжанов Шырғанақ ауылындағы шаруашылықта озат бақташы болса, анасы Гүлбақыт Әжікеева айтулы сауыншы болған. Қыз қууда «Қапы қалған жігіт» Серікжанның әкесі Алпысбай Битіманов шаруашылықтың белді, мақтаулы малшысы болса, анасы Күмісхан Шорманова үйдің шаруасымен, бала-шағасының тәрбиесімен айналысыпты. Серікжан ағаның бүгінде «Нұржан атты шаруа қожалығы бар. Үйірлі жылқысы, жап-жақсы сиыры, ірі қарасы мен қойы төлімен өсіп-өнуде. Төрт түлік малына жетерлік жайылымдық, шабындық жерлері бар. Бар қажетіне жарайтын «МТЗ-80» маркалы тракторының да көмегі мол. Ал, сүйіп қосылған өмірлік жары Бағдат Сламжанова – алты баласын дүниеге әкелген «Күміс алқалы» ана. Малды ауылдың қызы емес пе, үйдің де, даланың да жұмысын тең атқара береді.Бағдаттың қолынан шыққан май, маңыз, құрт пен ірімшік ақ дастарханын жайнатып, үйдің берекесін кіргізіп жатады.
– Әкем Алпысбай сегіз қырлы, бір сырлы, өнер десе ішкен асын жерге қоятын жан еді. Мықты көкпаршы болды. Ел мен жұрт «Көке» деп кеткен әкеміздің тақымына ілінген көкпарды ешкім ала алмайтын. Мен де бірсыпыра жасыма дейін көкпармен айналыстым. Құры алақан болғам жоқ. Кейін ұлдарым өсіп, жолымды қуып жатқан соң, көкпармен айналысуды доғардым, – дейді Серікжан аға күлімдей тіл қатып.
-Қыз кезімде өзгелерге қарағанда етім тірі, өжеттеу болып өскенім рас. Сол мінезімнен де жүктің, шаруаның ауырын көтере беретінмін. Қыз қууды кішкентай кезімізде сыртынан көріп өстік-қой. Келе-келе одан бойымды аулақ сала алмадым. Бала кезімнен жылқыға үйір болдым. Ылғи ат мініп жүретінмін. Жайлаудан ауылға барып қайтатынмын. Атқа жақсы мінетін қыз үшін қыз қуу қиын болып па?! Серікжанмен қыз қууға түспей тұрып бірнеше рет үлкен сынға қатысқанмын. Онда да есемді жібермегем. Жігіттердің арасынан ерекше көз тартып тұратын Серікжанды сырттай болса да жақын тартып жүретінмін. Сол жолы қамшының астына көп алғым келмеді,-дейді Серікжан ағаның жары жылы жымиып.
Біз сөз етіп отырған ерлі-зайыпты Серікжан мен Бағдат – бұл күнде қыз ұзатып, келін түсіріп, немере сүйіп отырған бақытты жандар. Жастары ұзақ болып, шөбере көрсек деген ақ тілеулері орындалғай!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.