Ретро әндерге күні бүгінге дейін жұрттың ықыласы ерекше. Мәнді де ырғақты әуендер өткен күннен сыр шертетін тамаша сәттерді тағы бір еске түсіруге ықпал ететіндігі сөзсіз. Осы ретте жақында аудандық мәдениет үйінде ескі әндерімізді еске алу, әрі ұлттық өнерімізді, еліміздің белгілі композиторларының шығармаларын жастарға насихаттау үшін «Ретроконцерт» ұйымдастырылды. Жұртшылықты ретро әндермен сусындатудың мақсаты – атақты композиторлардың сазы мен сөзі үйлескен есті әндерін тыңдатып, олардың есімдерін халық жадында жаңғырту, мұраларын насихаттау. Сондай-ақ, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаетың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының екі жылдығы аясында ұйымдастырылған кеште көрермендер залды кернеп кеткен ғажап музыка әлеміне сүңгіп, 70-80 жылдарда «болып қайтқандай» әсер алды.
Сахна шымылдығы ауданымыздың жұлдызды тобы Нұрлан Ташов пен Қалбибі Абдуллаеваның орындауындағы Ержан Белғозиевтың «Сенім шырағы» әнімен ашылды. Сондай-ақ, өзіндік тарихы бар, құлаққа сіңген «Попурри», «Достар жыры», «Ақ тілек», «Туған жер», «Жанарымсың», «Қырманға кел, қалқатай!» сынды жиырмадан астам ескі әндер шырқалып, көрермендер көңілімен бірер сәт сол заманға саяхат жасап қайтты. Әсем әндермен бірге әр әннің болмысын ашатын әдемі аспаптармен де түрлі әуендер орындалды. Концерттің ерекшелігі, өрімдей өнерпаздар ретроәндерді тамылжыта шырқады. Ал, оларға тәнті болған көрермендер әсем әндерді қосыла айтып, кеш ажарын аша түсті.
Кештің соңында әуезді ән мен көңілді концертке риза болған жиналғандар өнерпаз жастарға ыстық лебіздерін білдіріп, ақ тілегін айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.