Барша мұсылманның қадір тұтып қастерлейтін мерекелерінің бірі Ораза айт болса, екіншісі – Құрбан айт.
«Құрбандық» атауы бодау беру, сарып ету дегенге саятын мағыналар береді. «Құрбан» атауының түбір сөзі болған «Қариб» – «Жақындау», яғни Алланың разылығына жақындау дегенді білдіреді. Олай болса Алланың разылығына бөленуді мақсат еткен пенденің мал-дүниесін, уақытын, тіпті керек болған сәттерде жанын да құрбан ететін жағдайлар болады. Осы көтерген тақырыбымыздың арқауы болған құрбандықтың әлқиссасы Ибраһим (А.С) пайғамбардан бастау алғаны баршасына аян, ақиқат. Ибраһим (А.С) бауыр еті баласы Исмайлды құрбандыққа шалуды аян еткен түс көреді. Алланың әмірін өңінде бұлжытпастан атқарған Ибраһимның (А.С) теңдессіз тақуалығының сиы ретінде құрбандыққа қошқар түсіріліп, баласы екеуінің де мәртебесі асқақтай түскені хақында Құранда баян етілген. Міне, содан бері әр жылы қажылық айында мүмкіндігі болған мұсылманның Алла жолында құрбандыққа мал шалу міндет болған. Бұл турасында қасетті Құранда: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі 2-аят) деп бұйырылған.
Құрбан айттан бір күн бұрынғы күн «Арапа» деп аталады. Бұл күні қажылықта болмаған кісінің бір күнгі ұстаған оразасы хақында Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болғай): «Арапа күнгі ораза арқылы Алла Тағаланың өткен және келер жылғы күнәларды кешіруін үміт етемін» деп ораза ұстауға үндеген.
Құрбан айттың алғашқы күні ғұсылданып (шомылып), таза, ретті киініп, үстіне әтір сеуіп айт намазына қатысу, айт күндерінде көрші-қолаң, туыс-туғандарды айт мерекесімен құттықтап, айт дастарханына дәм тату салиқалы амалдар болып табылады. Бұл күндері араздасып, ренжісіп қалған пенделердің өзара кешірім сұрасып, татуласып, тәтті қарым-қатынаста болудың таптырмайтын орайы.
Ал енді, Алла жолында шалынған құрбандықтың айтып, тіл жетпейтін қадір-қасиетке, санап тауысқысыз сауапқа толы екендігі туралы ардақты Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болғай): «Адам баласы Құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» деп сүйіншілеген.
Құрметті мұсылман қауым! Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады. Сондай-ақ сәрсенбі күні һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Яғни Арапа күні биыл 5 маусымға сәйкес келсе, 6 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні.
Барша қарасайлық мұсылман халқына келе жатқан Құрбан айт құтты болсын дегім келеді. Исі мұсылманның шалған құрбандықтары қабыл болсын!
Дәуренбек ЖАНДОСҰЛЫ,
Қарасай ауданының бас имамы.