Алматы шаһарына жақын орналасқан Райымбек ауылдық округі Қарасай ауданының аумағында орналасқан ірі округтердің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда мұнда 49 507 халық саны шоғырланған. Жылдан-жылға керегесін кеңге жайып, қарышты қарқынмен дамып келе жатқан округте биылғы жылы да ауданның өзге аумақтарында секілді халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында түрлі жұмыстар атқарылды. Мәселен, үш ауысымды мектеп мәселесін шешу мақсатында жаңа білім ордасы салынуда, медициналық орталықтың құрылысы бітуге жақын, күрделі жөндеуді қажет ететін бірқатар жолдар жөндеуден өткізіліп, көше жарығы ретке келтірілуде. Одан бөлек өзге ауқымды жобалар іске асарылуда. Десе де ауданымыздағы адам саны көп әрі аумағы үлкен Райымбек округінде шешімін таппай жатқан өткір мәселелер жоқ емес.
Осы аптаның дүйсенбісі күні аудан әкімінің міндетін атқарушы Бексұлтан Ақылбек аталған елді мекен тұрғындарымен өткізген есептік кездесуінде соларға кеңінен тоқталып, оларды шешу үшін істелген және де алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайлы айтып өтті.
Маңызды кездесуге аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық мәслихат депутаты, округтік ардагерлер Кеңесінің мүшелері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Жиын барысында алдымен Бексұлтан Ақылбек ағымдағы жылдың тоғыз айында Қарасай ауданында атқарылған жұмыстар жайлы жан-жақты баяндап берді. Әсіресе, ол осы уақыт аралағында Райымбек округінде іске асқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Мәселен, аудан әкімінің міндетін атқарушының мәлімдеуінше, жалпы соңғы үш жылда ауданда 12 жаңа мектеп салынды, нәтижесінде үш ауысымды білім ордаларының саны 12-ден бірге дейін азайды. Қазіргі уақытта үш ауысымды оқыту тек Бұлақты ауылындағы мектепте қалып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған «Келешек мектеп» ұлттық жоба аясында 2023 жылы ауылда 3,18 га жер теліміне 900 оқушыға арналған білім ошағының іргетасы қалана басталған болатын. Жоспарға сәйкес үш қабатты жаңа мектептің құрылысы ағымдағы жылдың желтоқсан айында тәмамдалуы керек. Бәрі ойдағыдай аяқталса, округтің ғана емес, ауданның үш ауысымды оқытуға байланысты мәселесі толығымен шешімін табады. Сонымен бірге Абай ауылындағы 1932 жылы іргетасы қаланған М.Ғабдуллин атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары да толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл да ауыл оқушылары үшін жақсы жаңалыққа айналды.
Одан бөлек қазіргі халық санын ескере отырып, ауданға қарасты 47 елді мекеннің 43-інде медициналық мекеменің болуы қажет. Ал қазіргі уақытта тек 36 елді мекенде қызметтер көрсетілуде, яғни, жеті ауылға медициналық мекеме әлі де қажет екені байқалды. Бұл, әрине, Райымбек округіне де байланысты. Бұл ретте өткен жылы Абай ауылындағы №2 орта мектептің қасында 50 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары басталған еді. Жалпы аумағы 927,00 шаршы метр жерге салынып жатқан заманауи талаптарға сай, екі қабатты нысанның құрылысына бюджеттен 649,6 млн. теңге қаржы қарастырылған. Жоспар бойынша ол келер жылы қолданысқа беріледі. Бұлақты ауылының аумағында да 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып, бүгінгі таңда оның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұған қоса тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында биыл Қырғауылды ауылындағы Егемен көшесінде STREET WORKOUT алаңы салынып, қолданысқа берілді.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек округке қарасты Жаңатұрмыс ауылының тұрғындарының тарапынан ауыз су мәселесі бірнеше рет көтерілген еді. Осыған орай аталған ауылда ауыз су жүйелерін жаңарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын. Электр инфрақұрылымын жаңғырту бағытында 14 елді мекен бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, бюджеттік өтінім берілді. Бұл тізімге Долан ауылы да енгізілген.
Сонымен бірге «Келешек мектеп» аясында Долан мен Бұлақты ауылындарындағы білім ошақтарына апаратын жолдар толық жарықтандырылды. Жалпы Райымбек ауылдық округі бойынша төрт ауылдың 14 көшесіндегі ұзындығы 9,1 шақырым жол жөндеуден өткізілді. Тұрғындардың өмір сүру сапасын артыруға бағытталған жұмыстардан бөлек аудан әкімінің міндетін атқарушы алдағы жоспарлар жайында да кеңінен ақпарат беріп өтті.
Баяндамадан соң кездесуге келген тұрғындар тарапынан түрлі сұрақтар қойыла бастады. Мәселен, Қырғауылды ауылының тұрғыны суға қатысты туындап жатқан бірқатар қиындықтар жайында сөз етті. Оның айтуынша, ауылдағы Іңкәрбеков және Ақсай көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселген. Алайда жуырда су құбырларын өткіземіз деген компания көшелердің біраз жеріндегі асфальтты бұзып, жөнге келтірмей кеткен. Оған қоса ауылда мереке күндері жиі су тоқтап қалып жатады, ал осы бойынша қызмет көрсететін «BeyAzh Trans» ЖШС тарапынан ешқандай ескертулер немесе ақпараттандыру жұмыстары жүргізілмейді. Тіпті, мән-жайды білгісі келген тұрғындар компанияға хабарласса, операторлар телефондарын көтермейді екен. Бұған қоса ауылдағы Тәуелсіздік көшесінен жүріп өтетін құбырлардың жағдайы нашар, бес жылдан артық жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Соның арқасында жиі жердің астынан су ағады. Әсіресе, алда келе жатқан қыс мезгілінде бұл мәселе мүлдем күрделеніп кетуі мүмкін. Осының бәрін ескере отырып, тұрғын аудан әкімінің орынбасарынан жағдайды барынша тезірек ретке келтіруді сұрады. Сонымен қатар көптеген заңдарды бұзып, тұрғындарға қиындықтар әкелген «BeyAzh Trans» ЖШС-ін жауапқа тарту бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығы туралы да өтініш білдірді.
Жалпы ауыз су мәселесі бойынша Бексұлтан Ақылбек өзі жауап берді. Бұзылған асфальтты ағымдағы жөндеу жұмыстарына енгізіп, шешуге тырысатынын жеткізді. Сондай-ақ су бойынша қызмет көрсететін компания өкілімен округ әкімі Ержан Тоқтасыновқа елмен тығыз жұмыс істеп, әлеуметтік желілерде барлық оқыс жағдайларды хабарлап отыруды, қажет болса бір адамды соған бекітіп қоюды тапсырды.
«BeyAzh Trans» ЖШС компаниясына келер болсақ, қазіргі сәтте сот процестері жүргізіліп жатқандығын, тек соның бәрі аяқталып, нақты шешім шыққанда ғана әкімдік тарапынан өзгерістер болатындығын айтты. Аталмыш тұрғынның көтерген екінші мәселесі жер жайында болды. Яғни, оның айтуынша, Қырғауылды ауылындағы Бірлік республикалық маңызы бар трасса бойындағы бірқатар жерлерді кейбіреулер заңсыз сатып алып, қазір жалға беріп отыр. Алайда о бастан әкімдік тарапынан жер енді ешкімге сатылмайды делінген еді. Тіпті, өз кәсібін бастағысы келіп, жер сұраған ауылдың азаматтарына да бас тартылған еді. Осы мәселе бойынша тұрғындар прокуратураға да жүгінген екен. Бірақ 1,5 жылдан астам ешқандай нәтиже жоқ. Мәселені мұқият тыңдаған Бексұлтан Ақылбек азаматқа есептік кездесуден кейін қалып, прокуратура және аудандық сәулет және қала құрлысы бөлімінің өкілдерімен жеке жиын өткізіп, құжаттарды толыққанды зерделеп, бір шешім қабылдайтынын айтты.
Лена есімді Райымбек ауылының тұрғыны қоғамдық көлік пен жедел жәрдем мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ауылдың тұрғындары қатынайтын № 23 пен № 239 автобустары бар. Бірақ та адамдардың көбі жол ақысын дұрыс төлемейтіндіктен, келер жылы оларды Алматы қаласы алып тастауы мүмкін. Осыған байланысты жергілікті тұрғын әкімдік өз тарапынан автобустардың ішіне бұрынғыдай «контроллер» қоюға көмек көрсетсе деп сұрады.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы бұл мәселені назарға алып, шешу амалдарын қарастыратынын жеткізді. Сондай-ақ осы бойынша жиынға қатысып отырған округтік ардагерлер кеңесіне жастар арасында тәртіптік жұмыстар жүргізуді сұрады. Ал жедел жәрдем бойынша ауданның жаңа бас дәрігер Бауыржан Сатыбалды жауап берді. Маманның сөзінше, жалпы талапқа сәйкес 10000 адамға 1 жедел жәрдем бригадасы бекітілу керек. Осыны ескергенде Қарасай ауданының халық санына сәйкес бүгінде 40-қа жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеуі қажет. Алайда бұл облыстық бюджеттің қауқарына байланысты мүмкін емес болып отыр. Осыған дейін де өзге округтерде өткен есептік кездесулерде жедел жәрдем тапшылығы мәселесі жиі көтерілгендіктен, аудандық аурухана басшылығы облысқа ұсыныс жібергелі отыр. Бас дәрігердің сөзіне Бексұлтан Ақылбек те қосылып, әкімдік тарапынан да облысқа ресми хат жіберетінін мәлімдеді.
Жаңатұрмыс аулының тұрғыны Анастасия есімді азаматша су және газ мәселен көтерді. Тұрғынның сөзіне сүйенсек, 2024 жылы округ әкімі сол жылдың қараша айында жаңа су құдығын іске қосу жұмыстары толығымен аяқталып, ауыл сумен қамтамасыз етіледі деген мәлімет берген. Алайда бір жылдан артық уақыт өтсе де, мәселе әлі шешілмеген. Сонымен қатар Жаңатұрыс ауылындағы о баста ауыр көліктерге арналмаған Майлина және Байсейітова көшелері бойынша Амантай есімді азаматтың рұқсатымен сондай көліктер жүріп өтуде. Оның салдарынан жолдың бетіндегі асфальт құртылып қана қоймай, оның астымен жүргізілген газ құбырларына да зақымдануда.
Бірінші мәселесі бойынша Бексұлтан Ақылбек қазіргі уақытта су құдығын іске қосумен айналысқан компания жұмысын уақытылы 100 пайызға бітірмегендікен, сот процесі жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ бүгінде әкімдік тарапынан сол жұмыстарды толығымен аяқтап, ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында шаралар атқарылуда екенін айтты. Ал екінші мәселе бойынша аудан әкімінің міндетін атқарушы округ әкімі Ержан Тоқтасыновқа аталған көшелерге «5 тоннадан жоғары болмайды» деген белгілер қоюды тапсырды.
Жалпы есептік кездесуде қатысушылар жоғарыда аталғандардан бөлек қоқыс, жарық секілді өзге де бірқатар маңызды әлеуметтік мәселелерді де көтереді. Бұған байланысты аудан әкімінің міндетін атқарушы Бексұлтан Ақылбек кездесуде әрбір тұрғынның айтқан талап-тілегі ескеріліп, шешімін таппаған мәселелер зерделене келе, бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін түсіндірді.
Жиын соңында Бексұлтан Ақылбекұлы бірқатар тұрғындарды жеке қабылдады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
