Алматы облысының Райымбек ауданы – омарта ісімен айналысуға, оны дамытуға өте жайлы өңірлердің бірі. Мұндағы таулы жерде сан алуан дәрілік шөптер мен гүлдер өседі.
Омарташылықпен шұғылданатындардың бірі – Қанатбек Мүсірәлі. Ол бал өндіріп, араның ерекше түрлерін ұстайды. Бұл іспен шұғылданып жатқанына 2 жыл болды. Омарташылықтың қыр-сырын одан әрі танып білгісі келеді.
Қанатбек Мүсірәлі көп жыл ата кәсіппен айналысқан. 50 еңсеріп, жасы ұлғайғанда мал бағу қиынға түскен. Сол сәтте інісінің омарташылық кәсібін бастаңыз деген ақыл-кеңесін алды. Алатаудың Нарынқолға жалғасқан тау сілемдері мен Сарыжаз жазығында небір дәрілік өсімдік шығады. Табиғат берген байлықтан бал өндіруді үйренді.
Ерекше кәсіпті меңгерген еңбек адамы Қанатбек Мүсірәлінің бал аралары туралы айтары көп. Әр күн сайын жаңа ақпарат алып, таным көкжиегін кеңейтіп отыруға әуестігі артқан. Туған бауыры Тұрғанбекпен бірге «карпатка» бал арасын асырайды. Бұл аралар өз бетінше ешкімді шақпайтын жәндік. Таулы өңірде өмір сүретін араның бал өндіру қуаты мол.
– «Карпатка» деген жолақтары сәл ірі болатын араның тұқымы. Одан кейін бал тарту қуаты жоғары болады, – деген омарташы Қанатбек Мүсірәлі өз кәсібінің қыр-сырымен бөлісті. Аталған тұқымды аралар негізінен таудың бөктерінде көптеп кездеседі. Жабайы аралармен қатар жүріп, гүлге қонып бал жинайды. Сондықтанда бұның балының сапасы, дәрілік құнарлығы өте жоғары болады. Осы сынды әр тұқымды араның өзіндік емдік қасиеті бар. Оған жасалатын күтімде әр түрлі болады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтылмаған. Үздіксіз атқарған ісіміздің арқасында өзімізге тиісті Алланың берген ризығын алып жатырмыз.
Өз ісін оншақты омартамен бастаған шаруа: «Әр кәсіпкер бал арасы сынды адал еңбек етуі керек», – дейді. 1 грамм бал беру үшін араның жүздеген шөпке қонып, бірнеше шақырым жерді шарлауы мүмкін. Ал, бір айда бір омартадағы мыңдаған ара 50 келіден астам бал жинайды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Райымбек ауданы.