Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 23 қазандағы №356 «Электрмен жабдықтаудың үлгілік шарттарын бекіту туралы» бұйрығының 12-тармағына сәйкес сатушы тұтынушыға хабарлама жіберу фактісін растауға мүмкіндік беретін тәсілмен электрэнергиясы үшін төлемегені немесе толық төлемегені үшін электрэнергиясын беруді тоқтата тұрғанға дейін кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын тұтынушыны хабардар етуге міндетті.
Егер тұтынушының келісім-шартында СМС арқылы хабарлама алу мүмкіндігі болса, онда осы арқылы хабарлама жіберуге міндетті, ал егер келісім-шартта мұндай жағдай көзделмесе, электр жабдықтаушы ұйым ажырату туралы хабарламаны қағаз жеткізгіш арқылы хабардар етуге міндетті.
Электр қуатынан заңсыз ажырату тұтынушылардың құқықтарын бұзу болып табылады және Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 172-баптың 5-бөлігіне сәйкес (электр және (немесе) жылу энергиясын заңсыз шектеу және (немесе) ажырату)) лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 25 мөлшерінде, орта бизнес үшін — 50 мөлшерінде, ірі бизнес үшін — 75 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі № 588 Заңының 19-бабы, 1-бөліміне сәйкес, тұтынушы жасалған шарттардың талаптарына сәйкес энергия өндiрушi, энергия берушi және энергиямен жабдықтаушы ұйымнан электр және жылу энергиясын жеткiзбеуден немесе сапасыз жеткiзуден келтiрiлген нақты нұқсанның орнын толтыруды талап етуге құқылы.