Бүгінде саналы, жауапты, адал, білікті азамат бейнесін қалыптастыру, жастардың құқықтық ойлауын дамыту бағытында еліміздің орта білім мекемелерінде «Жас кадет», «Жас сақшы», «Прокурордың жас көмекшісі» секілді жобалар жүзеге асырылуда.
Аптаның сәрсенбісі күні осындай бастамаларды белсенді түрде қолдайтын Қаскелеңдегі В.Г.Белинский атындағы орта мектеп-гимназиясында да «Прокурордың жас көмекшісі» атты екі арнайы сынып ашылды. Мұнда оқушылар құқық қорғау органдарының қызметімен жақынырақ танысып қана қоймай, прокуратура жұмысының негізгі бағыттарын меңгереді.
Желтоқсан айының алтысы күні аталып өтетін Прокуротура қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында білім ошағында ұйымдастырылған маңызды салтанатты жиынға ауданның прокуроры Айдос Чорманов, аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева, прокуратура ісінің ардагері, юстиция полковнигі Кенжалы Үсіпбайұлы қатысты. Қонақтар оқушыларға жақсы кеңестер беріп, құқықтық білім алудың маңыздылығын түсіндірді.
Гимннің орындалуынан басталған шарада алғы сөз ауданның прокуроры Айдос Тұрсынжанұлына берілді. Бас прокурор өз сөзінде бүгінгі бастама құқықтық мемлекет негіздерін бала кезден қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
– Осындай қосалқы сыныптар тек жаңа оқу бағыты емес, бұл әрбір оқушыға құқық саласының қыр-сырын тереңірек түсінуге және де азаматтардың арасында «Заң мен тәртіп» идеологиясын насихаттауға берілген үлкен мүмкіндік. Қоғам күн сайын жаңарып, өзгеріп жатқан кезеңде заңды құрметтейтін, сыни ойлай алатын, өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын жас ұрпақты тәрбиелеу – аса маңызды міндет.
Баршаңызға білім жолында табыс, жігер, талмай іздену және жаңа белестерді бағындыруды тілеймін. Жас прокурор сыныбындағы әрбір күндеріңіз шабытқа толы болып, жаңа мүмкіндіктер мен жарқын болашаққа жол ашсын, – деді Айдос Чорманов.
Мұнан кейін аудан прокуроры ардагер Кенжалы Үсіпбайұлымен бірге арнайы жас прокурорларға өз қолымен оқушылардың ресми түрде анттарын қабылдап, өз қолымен куәліктерін табыстады. Бұл балалар үшін үлкен сенім, жауапкершілік және рух беретін маңызды сәт болды.
Шараның салтанатты бөлігі аяқталған соң сөз кезегін аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Әблеқызы мен ардагер, юстиция полковнигі Кенжалы Үсіпбайұлы алып, жас буынға жүрекжарды тілектерін айтты. Сондай-ақ мұндай бастамалар заң мен тәртіпті ұсынатын жастардың жаңа тұлғасын ерте бастан қалыптастырудың негізін қалауға жәрдемдесетінін және жобаның маңыздылығын сөз етті.
Салтанатты кеште қонақтар тарапынан айтылған құттықтау сөздер аяқталған соң мектептің өнерпаз оқушылары концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Жас дарындылар ән айтып, би билеп, барынша өнерлерін көрсетіп, қонақтарға жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысты.
Шараның шымылдығын мектеп директоры Тұрсын Сайбырова жауып, «Прокурордың жас көмекшісі» сыныптарының ашылуына атсалысқан жандарға, аудандық прокуратура мен білім бөлімінің басшылығына, мектеп ұстаздары, шәкірттер мен олардың ата-аналарына алғысын білдірді.
Айта кетейік, «Прокурордың жас көмекшісі» сыныбы – балалардың азаматтық жауапкершілігін, құқықтық ойлауын дамытуға бағытталған маңызды жоба. Мұнда 8 және 9 сынып оқушыларына адам құқықтары, кәмелетке толмағандардың құқықтық қорғалуы, қауіпсіз интернет, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты маңызды тақырыптар бойынша түсіндіру сабақтары мен кездесулер өткізу жоспарлануда. Сол арқылы олар өздерінің азаматтық көзқарасын күшейтетін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
