Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметі енгізілгеннен бері құқық қорғау органдары қарқынды жұмысын жалғастырып келеді. Негізгі мақсаты — шартты түрде бас бостандығынан айырылған, бұрын сотты болған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету болып табылғандықтан, бұл қызметтің заң айналасында алар орны айрықша.
Пробация қызметінің тағы бір атап айтар міндеттерінің бірі – айыпталушылардың жазаларын жеңілдету, яғни, істі болған адамдарды бас бостандығынан айырмай, басқаша түрде жазалау. Бұны қылмыстық саясат тұрғысынан азаматтардың заң бұзғанына қарамастан темір торға отырмауына мүмкіндік беру деп қарастыруға әбден болады.
Осы бағытта жүйелі жұмысты біздің аудандық пробация қызметі де тиісті шараларды істеп, жоспарлы түрде міндетін атқаруда. Аталған жұмыстың айқындылығын көрсету үшін өткен аптада, аудандық полиция басқармасының мәжіліс залында, аталмыш қызметтің есебінде тұрған адамдар мен аудандағы білікті мамандардың қатысуымен жиын болды.
Арнайы шақырылған қызметкерлер арасында аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының кеңесші менеджері Элена Константинова, жұмыспен қамту орталығының бас маманы Абылай Зулайды және жастар ресурстық орталығының маманы Айжан Балажанова болды.
Пікір алмасуға ұласқан жиынды аудандық пробация қызметінің бөлім басшысы Нұрбол Мухаммедиев өзі жүргізіп, талқыға түскен сұраққа қатысты ойын да білдіріп отырды. Шақырылған мамандардың айтылған кеңестері пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың маңызды мәселелерін шешуге көп септігін тигізді. Көбісінде жұмысқа орналасу басты мәселе болып табылғандықтан, жұмыспен қамту қамту орталығының өкілі қазіргі таңда бірнеше бос жұмыс орындары бар екенін мәлім етті.
Сондай-ақ, бас маман қажетті құжаттармен орталыққа келіп, толықтай ақпарат алуға болатынын да жеткізді. Кейбір азаматтар кездесу күнін белгілеп, жолығатын болып шешті.
Расында, жоғарыда айтқандай, сұрақтың көбі жиналғандырдың жұмысқа орналасуына байланысты болғандықтан, көптеген оңтайлы жауаптар ортаға салынды. Мәселен, сотталғаны туралы анықтамасы барларға жеке кәсіппен немесе жұмыспен қамту орталығы ұсынған қызметтерімен айналысуға болатыны әңгіме барысында кеңінен талқыланды. Ал, кейбір кәсібін бастаған азаматтар көкейдегі біраз сауалдың басын ашып, керек ақпараттарын ала білді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.