Соңғы жылдары пробация қызметі құқық қорғау органдарының маңызды бір бөлігіне айналды. Себебі қылмыскер атанып, жазасын өтеп шыққандарға қайта қоғамға сіңісіп, өзін толыққанды азамат ретінде сезіну қиын. Бұл ретте осындай адамдарды қоғамнан шектемей, оларды барынша қайта бейімдеуге, өмірлеріне оңды ықпал ету мақсатында әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағытында жұмыс істеп жатқан пробация қызметінің маңыздылығы зор екені байқалады.
Желтоқсан айының 13-і күні елімізде аталып өтетін Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің күніне орай аталған органның жұмысымен жақынырақ танысу мақсатында Қарасау ауданының пробация қызметінің басшысы Нұрдәулет Шайықпен сұқбаттасқан едік. Оның барысында Нұрдаулет Талғатұлы бізге жазасын өтеп шыққандардың қаншасы қоғамнан өз орындарын тауып жатқанын, бұл ретте пробация қызметінің үлесі қандай екендігі туралы кеңінен айтып берді.
– Нұрдаулет Талғатұлы, ағымдағы жылдың басында Қарасай ауданының пробациясына жаңа басшы болып тағайындалғаныңызбен, Сіз туралы әлі де көп адам білмейді. Сондықтан әңгімемізді өзіңізбен жақын танысудан бастасақ.
– Мен 1995 жылы екі мың жылдан астам тарихы бар Қазақстан мен Орталық Азиядағы ежелгі қалалардың бірі болып саналатын шырайлы Шымкент қаласында дүниеге келгем. Жоғарғы білімді Алматы қаласында орналасқан ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Академиясында алдым.
Еңбек жолыма келетін болсақ, менің алғашқы жұмыс орным Шымкент қаласы, Қаратау ауданы полиция басқармасының жедел уәкілі бөлімі болды. Бұл жерде табан тіреп алты жылға жуық қызмет еттім. Одан кейін 2023-2025 жылдар аралығында Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті Қарасай ауданы пробация қызметі бөлімінде инспектор, аға инспектор, бөлімі бастығының міндетін атқарушы лауазымында жұмыс істедім.
Ал ағымдағы жылдың қаңтар айында Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті Қарасай ауданы пробация қызметі бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалдым.
– Енді біздің ауданымыздың пробация қызметіне тоқталсақ. Жалпы бұл мекеме жұмысының маңыздылығы неде? Осы туралы кеңірек айта кетсеңіз.
– Жалпы, біздің елімізде ең алғаш рет «пробация» ұғымы 2012 жылдың 15 ақпанындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қолданылған. Ал 2016 жылғы 30 желтоқсандағы «Пробация туралы» Заңының қабылдануына орай пробацияның қолданылу аясы анағұрлым кеңейе түскен. Оның одан әрі қарай дамуы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамының аясында жүзеге асырылды. Яғни, 2016 жылғы желтоқсанда «Пробация туралы» заң қабылданып, оның әлеуеті мен өзектілігі артты.
Бұл органның мақсаты күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеу, сотталған адамды әлеуметке қосу, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен босатылған адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады.
Нақтырақ айтқанда, бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу пробация қызметінің міндетіне кіреді. Сондықтан пробация қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, жұмыспен қамту орталықтарымен, денсаулық сақтау және білім беру мекемелерімен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Шалыс басып, сотталған адам бірінші кезекте біздің елдің азаматы болып келеді. Сондықтан істі болғандарды қайта абақтыға жапқаннан гөрі, оларды тәрбиелеу маңызды. Пробация қызметінің түпкі мақсаты да осы болап табылады яғни, жазаға тартылған адамның қателігін, мінін бетіне басу емес, мүмкіндігінше сотталушының қайталап қылмыс жасамауы үшін оның әлеуметтік жағдайын жақсартуға психологиялық тұрғыдан көмек беру. Пробация қызметкерлерінің жүргізіп жатқан алдын алу шаралары арқасында сотталғандардың қайта қылмысқа баруын азайтады.
– Бүгінгі таңда Қарасай ауданының пробация қызметінің есебінде қанша азамат тұр? Оның ішінде кәмелет жасқа толмаған сотталғандар да бар ма? Олар қылмыстық қандай түрімен жазаланғандар?
– Қарасай ауданы пробация қызметі бөлімінің есебінде ағымдағы жылдың 11 айы бойынша 1264 (2024жыл – 1019) сотталған есептен өтті. Оның ішінде 527 (2024 жыл – 383) сотталған есептен шығарылды. Ал есепте тұрғандарға келетін болсақ, соңғы 11 айдың көрсеткіші бойынша біздің есепте 671 (2024 жыл — 636) сотталған тұр. Оның 402-і – бас бостандығынан шектеу жазасына сотталғандар, 144-і – шартты түрде сотталғандар, 18-і – жаза мерзімі кейінге қалдырылған сотталған азаматшалар, 35-і – қоғамдық жұмысқа тартылғандар, 72-і – белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылғандар.
Кәмелет жасқа толмағандарға келетін болсақ, қазіргі уақытта біздің есепте ҚР ҚК-нің 188-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы бойынша айыпталған бір ғана жасөспірім тұр. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда үш есе төмен көрсеткіш.
– Өзіңіз білетіндей, қоғамда аяғын шалыс басқандар жаңадан өмірден өз орнын табуы үшін жұмысқа бейімделуі керек. Осы тұрғыда жазасын өтеп келгендер турасында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Пробация есебінде жүргендерді жұмыспен қамту – оның түзелу жолына түсуіне, қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік тұрақтылығын қалыптастыруға жасалған маңызды қадам. Себебі тұрақты жұмыс орнының болмауы да сотталғандардың қайта қылмыс жасауына жиі түрткі болып жатады.
Осыған байланысты біз жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, мансап орталығымен және қарасайлық кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс атқарамыз. Соның арқасында жыл басынан бері есепте тұрған 88 сотталған пробация қызметінің жолдамасымен мансап орталығына жолданып, оның 68-і жұмысқа кірді.
Жұмыспен қамтылғандардың ішінде 10-ы квота бойынша, екеуі төленетін қоғамдық жұмыстарға және тоғызы тұрақты жұмысқа орналастырылғандар.
– Жұмысқа орналастырудан бөлек сіздердің тараптарыңыздан есепте тұрғандарға қандай көмектер көрсетілуде? Есептегі азаматтарды әлеуметтендіру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған адамдарға өздерінің әлеуметтік жағдайларына байланысты көмектер көрсетіледі. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылы әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасы аясында 42 сотталғанға психологиялық көмек көрсетілді.
Қайта қылмыстың алдын алу және қоғамнан оқшаулаумен байланысты жазаларға тартылған сотталғандардың қайта қылмыс жасамау мақсатында Қарасай аудандық пробация қызметі жергілікті полиция қызметімен бірлесіп үш ай сайын пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарды кешкі уақытта тұрғылықты жерлерін тексеріп, олардың туыстарымен профилактикалық сұқбат жүргізілуде. Ескере кететін жайт, қазіргі таңда пробация қызметінің есебінде тұрып, қайта қылмыс жасағандардың көбісі бұрын бірнеше рет сотталғандар, түзеу мекемелерінен өтелмеген жаза бөліктері неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылған сотталғандар болып табылады.
Пробация қызметі сотталғандар арасында қайта қылмысты болдырмау мақсатында әр сотталғанмен сұқбат жүргізіп, олардың тұрмыстық жағдайын анықтап, туған-туыстарымен сұхбат жүргізгеннен кейін жергілікті ақарушы органдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге жолдама береді. Сонымен қатар Қарасай ауданы пробация бөлімінде ессепте тұрған қылмысқа бейім сотталғандарды, электрондық Биомонитор құрылғысы арқылы жүрген жерлерін анықтап қайта қылмыс жасамаудың алдын алу мақсатында бақылау жұмыстары қатаң жүргізілуде.
Жалпы жұмысқа орналастырудан бөлек құқықтық кеңес беру, құжаттарын қалпына келтіру (ЖСН, жеке куәлік), медициналық және әлеуметтік қызметтермен байланыстыру, маскүнемдік немесе нашақорлыққа бейім тұлғаларды оңалту орталықтарына жолдау, тұрмыстық қиындықтары бар азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар арқылы көмек ұйымдастыру секілді жұмыстар жүргіземіз.
– Биыл есептегі азаматтар арасында сот жүктеген міндеттерді орындамай, заң талаптарын бұзғандар кездесті ме? Мұндай жағдайда қандай шаралар қолданасыздар?
– Жалпы есептегі тұлғалар өзіне сот жүктеген міндеттерді және пробация қызметінің заңды талаптарын орындамаған жағдайда пробация қызметі сотталғанға белгіленген жаза түрін қатаң жаза түрімен ауыстыру немесе жаза мерзімін ұзарту бойынша сотқа процессуалдық шешім қабылдау үшін ұсыныс береді.
Мәселен, ҚР ҚАК-нің 61, 69-баптарын басшылыққа ала отырып, жыл басынан бері Қарасай аудандық пробация қызметінде үш сотталғанға іздеу жарияланды. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 11 айлық қорытындысы бойынша Қарасай аудандық сотының қаулысымен 39 сотталғанның бас бостандығын шектеу жазасын, бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырдық. Оған қоса бес сотталғанның шартты соттылығының мерзімін ұзарттық.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
Алдағы уақытта біз пробация қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңартып, әлеуметтік бағдарлама бағыттарын кеңейту, әуекел топтарымен жұмысты күшейтуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ кәсіпкерлермен жаңа меморандумдар жасасып, кәмелетке толмағандармен жұмысты жаңа форматта жүргізу де ойда бар.
– Нұрдаулет Талғатұлы, уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рақмет. Сізді және ұжымынызды алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Ел ішіндегі тыныштықты қамтамасыз ету бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңызға тек сәттілік тілейміз!
Тілдескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

