Елімізде жастардың жан-жақты дамуына, қызмет жолында биік белестерді бағындыруына, ісін ілгерілетуіне мүмкіндіктер жетерлік. Солардың ішінде ерекшесі – Президенттің кадрлық резерві. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алып, аталған жобаны талантты жастар үшін әлеуметтік лифт болатынын айтқан еді.
Резервке іріктеу осыған дейін екі рет, яғни, 2019 және 2021 жылдары өтті. Биылғы жасақтау 1 қыркүйектен басталды. Оның үгіт-насихаты бойынша әр өңірде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өткен аптада осы мақсатта біздің ауданға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Асхат Тәкебаев арнайы келіп, қарасайлық жастармен жүздесті. Кездесу «Алматыгазсервис Холдинг» АҚ-да өткендіктен, жиынға аталмыш мекеменің жас өкілдері және аудан бойынша әр салада қызмет етіп жүрген мамандар қатысты.
Агенттіктің өкілі жиын барысында Президенттік жастар кадр резервінің қандай жоба екенін айтып, оның негізгі мақсатын түсіндірді. Кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлерге қойылатын талаптарды нақтылап, биылғы үшінші іріктеудің ерекшеліктеріне тоқталды.
– Кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады. Олар – инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам. Сондай-ақ биыл үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізу тәжірибесі енгізілуде.
Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жылдық жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады, – деп түсіндірді Асхат Қанатұлы.
Сонымен қатар агенттіктің Алматы облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы А.Тәкебаев жастардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сауалдардың ішінде шынымен көпті ойландыратыны да болды. Мәселен: «Мемлекеттік қызметке орналасу бойынша басқа өңірден бос жұмыс орны табылса, үміткердің тұрғылықты мекенжайы маңызды ма?» деген сұрақ қойылды. Агенттіктің өкілі кадрлық резервке үмітті жастың қайда тұратыны ескерілмейтінін айтып, оған еш алаңдауға негіз жоғын айтты. Айтуынша, Президенттік жастар резервке іріктеу республиканың түкпір-түкпірінен жасақталмақ. Сондай-ақ ол іріктеуден өткен кез келген жас үш жыл резервте тұратыныны және бұл уақыт өтіп кеткен жағдайда жасы 35-тен аспаса, қайта құжат тапсырып, бағын сынауға мүмкіндігі бар екенін де түсіндіре кетті.
– Бүгінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің тарапынан Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуге қатысты түсіндірме жұмыстар белсенді түрде атқарылып келеді. Құжаттарды қабылдау әлі де жалғасуда. Сондықтан ел дамуына үлес қосам дейтін, мемлекеттік қызметте бағын сынап көрем деушілер үшін уақыт бар. Талаптары қиын емес, – дейді Асхат Қанатұлы.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2019 және 2021 жылдары резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді, яғни, жалпы санның 75%-ы жұмысқа орналастырылған. Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Мәжіліс Парламенті және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.