Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев төрағалық еткен облыс әкімдігінің отырысында Ұмтыл ауылдық округінің тұрғыны, Максим Головачевті иттерден құтқарып қалған Серікбек Сақайбековтің ерлігі лайықты бағасын алды.
Осы жолы қарасайлық тұрғынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты табыс етілді. Қайсар азаматты облыс әкімі Марат Елеусізұлы өзі құттықтап, Президенттің ыстық ықыласын жеткізді.
Сондай-ақ өңір басшысы ерлік иесіне ризашылығын білдіріп, мұндай оқиғалар қоғамдағы бейжай қарамаудың азаймағанын, шынайы жанашырлықтың бар екенін көрсететінін атап өтті.
Айта кетейік, ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбеков өткен айдың соңында Жалпақсай ауылында ит шабуылына ұшыраған 10 жасар баланы ажалдан арашалап қалған еді. Оқиға 30 маусым күні футбол алаңында орын алған. Баланың көмекке шақырған даусын естіп, Серікбек Сақайбеков ойланбастан көмекке ұмтылып, өз өміріне қауіп төнсе де баланы құтқарып қалған.
Өз тілшіміз.