Жақында аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып, онда «Халыққа қызмет көрсету жағдайын жаңарту мақсатында аудандық пошта торабы басшысының атқарып жатқан жұмыстары туралы» мәселе қаралды. Отырысты ашқан кеңес төрағасы Жанат Исағұлов алдымен пошта жүйесі жұмысының маңыздылығын атап көрсетті.
Мұнан кейін аудандық поштаның басшысы Ерболат Сарқұлов өздерінің жұмысы туралы кеңінен баяндап берді.
– Өткен 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста екінші орын алдық, – деп бастады өз сөзін Ерболат Сәлімбайұлы. – Белгіленген жоспарды орындадық. Бұрынғыдай әлі де пошта жұмысының біздің өміріміздегі маңызы зор. Менің мұнда басшылыққа келгеніме көп уақыт өткен жоқ. Алдымен тәртіпті күшейттік, басқа да ұйымдастыру шараларын жүзеге асырдық. Жұмысымыз негізінен үш бағытта жүргізіледі. Ол біріншіден, әртүрлі төлемақылар, әріптес банктермен бірлескен жұмыс, екіншіден, пошталық жөнелтілімдер, үшіншіден, халыққа көрсетілетін түрлі қызметтер. Ең қиын тиіп тұрғаны – басылымдарға жазылу. Сондай-ақ, елге жеңіл болсын деп банкоматтарды көбейтуді ойластырудамыз.
Пошта басшысы, сонымен қатар, өздеріндегі шешімін күткен өзекті мәселелерді де жасырмай айтты.
Отырыста Қоғамдық кеңестің мүшелері Сағат Мәсімақынов, Әмина Абдраманова, Мұхтар Байқұлов сұрақ қойып, оларға жан-жақты жауап алды.
Ал Несіпбала Әбділдаева пошта басшысы жасаған хабарламада барлық жай да қамтылғанын, тіпті, орын алған олқылық пен кеткен кемшіліктің де бүгілмей айтылғанын, алда атқарылған істердің жіпке тізгендей орнымен сөз етілгенін атап көрсетті. Сол сияқты Қаныбек Айтжанов пен Жанат Исағұлов та Ерболат Сәлімбайұлының өз жұмыс жөніндегі әңгімесіне ризашылық білдіре отырып, ұсыныстарын жеткізді.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы қорытындылап, пошта жұмысын өрге бастыру туралы ойларымен бөлісті.
Жиында талқыланған мәселеге қатысты тиісті шешім қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.