Уақытпен үндесіп, заман талабынан шыға білген пошта қызметінің халықпен етене жақын жұмыс істеп келе жатқанына да біршама уақыт болды. Жыл өткен сайын аудандық пошта байланысы торабының қызметіне жүгінушілер қатары артпаса кеміген жоқ. Ақпараттық технологияның дамыған дәуірімен тұспа-тұс келген қазіргі шақта аталмыш мекеменің де қызмет көрсету аясы кеңейе түсті.
Құрылғанына биыл 5 жылға аяқ басқан Кеген ауданында өз алдына жеке пошта байланыс торабы болмады. Айта кетейік, бұрынғы Райымбек аудандық пошта байланыс торабына қарап келген еді. Сол сәтімен шешіліп, өткен жылдың қазан айынан бастап Кеген аудандық пошта байланыс торабы құрылып,өз жұмысын қайта жандандарды.Бұл шын мәнінде өңір тұрғындары үшін де тиімді болды. Пошта байланыс торабының тізгіні де киелі өңірдің бір перзенті, Ақсай ауылының түлегі Лебаев Қайрат Қабылұлындай азаматтың сенімді қолында. Қайрат Қабылұлын аз -кем әңгімеге тартқан едік.
– Қайрат Қабыл-ұлы,аудандық пошта байланыс торабының бүгінгі таңдағы атқарып жатқан жұмыстарына толық тоқталып өтсеңіз?
– Кеген аудандық пошта байланыс торабының құрылғаны үшін «Қазпошта» АҚ-на қарасты Алматы облыстық филиалының директоры Айбол Таңжарбекке аудан тұрғындарының атынан шексіз алғысымызды білдіреміз. Аудандар бөлініп кеткен соң пошталары да бөлініп кетуі керек қой! Шүкір, қазіргі жағдайымыз жаман емес. Кеген аудандық пошта байланыс торабы жалпы 57 штаттық кесті бойынша жұмыс жасауда. 16 ауылда пошта байланыс бөлімшелері халыққа қызмет етеді. Оның сыртында аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында бір оператор еңбек етеді.
– Халыққа күнделікті қандай қызмет түрлерін көрсетіп келесіздер?
– Рас, қызмет түрлері көп. Темір жолға билет сатып алуға, депозиттер ашуға, «Хоум банктен» несиелер алуға болады. Адам өмірі, автокөліктер сақтандырылады. Шетелге және республикамыздың ішіне ақша аударымдары жасалады. Ең негізі, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының есеп шоттары ашылады. Заңды тұлғаларға депозит есеп шот ашылып, салынған ақшаны өсіммен алуға болады. Заңды тұлғаларға интернет банкингпен жұмыс істеу қызметі бар. Ірі заңды тұлғаларға «POS MOBILE» қосымшасымен жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл дегеніңіз – барлық банк карталарымен төлем жасауға болатын қызмет түрі. Жеке тұлғаларға жәрдемақы, зейнетақы және еңбекақыға арнайы карта ашылып, пошта картасының «POST.KZ» қосымшасы арқылы барлық төлем түрлерін жасауға болады.
– Бүгінгі таңда газет-журнал, хат-хабарды тасымалдаудың жайы қалай?
– Жаман емес. Бір «УАЗ» автокөлігіміз бар. Жұмыс күндері күн сайын Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылынан газет-журнал, хат-хабар тасымалданып отырылады. Қиындықтарды айтпай кетуге болмайды. Кейбір отбасыларының ауласында қабаған иттері жүреді. Сондықтан қоршаудың сыртынан газет-журналдарды салатын арнайы жәшіктер орнатуға көңіл бөлсе, дұрыс болатын еді.
– Рас, мерзімді басылымдарды оқырманға жеткізіп отыруда еңбектеріңіз зор. Орнымен бағалаймыз. Қайтадан құрылып жұмыс жасап жатқандарына 4 ай болған Кеген аудандық пошта байланыс торабының бар жұмысын, ауыртпалығын көтеріп жүрген жандар туралы да әңгімелеп кетсеңіз дұрыс болар еді?
– Бізде ұзақ жылдардан еңбек етіп келе жатқан істері өнегелі, халыққа сыйлы жандар баршылық. Реті келгенде, Ақай ауылдық пошта байланыс бөлімшесінің басшысы Анархан Сартымбетованың, хат тасушысы Жанат Ысқақованың есімдерін ерекше айтуға болады. Жалаңаш пошта байланыс торабының хат тасушысы Зинахан Заманбекова ұзақ жылдардан халыққа үлгілі қызмет көрсетіп келеді. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жаңадан құрылған Кеген аудандық пошта байланыс торабының бар жүгін көтеріп жүрген басшының орынбасары Меруерт Жырғалованың, бас есепші Нұргүл Ақжігітованың, бас кассир Гүлбану Илипбаеваның, скрыптаушы Роза Боқамбаеваның, жетекші маман Жұмабике Орынтаеваның, хат тасушы Болатбай Сартоловтың есімдерін орнымен атағым келеді. Осы салада ұзақ жылдардан еселі еңбектері бар. Күнделікті келушілерге қызмет көрсетіп отырған Ердос Төлегенұлы, Балауса Жақыпбекова, Сәуле Нұрғожаева, Гүлден Нұрбатырқызы, Аида Айтуғанқызы, Рүстем Абдижановтар ел алғысын арқалауда. Сонымен қатар бақылау бөлімінің маманы Әби Дулат, несие рәсімдеуші оператор Альфия Накибаева өз істерін жақсы біледі. Аптасына 6 күн Кеген – Шонжы бағытында және ауыл арасында аптасына 3 күн пошта жөнелтілімдерін, газет-журнал, сәлемдемелерді тасымалдайтын автокөлік жүргізушісі, инкассаторлардың еңбектері ерен.
– Кеген аудандық пошта байланыс торабының ұжымының еңбектеріне жеміс тілейміз! Еңбектеріңіз елене берсін!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауылы.