Бұған дейін түрлі БАҚ беттерінде Талғар ауданы Кеңдала ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйлер қыста жылусыз қалуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Осы мәселеге байланысты бүгін аудан әкімі Танат Айдарбековтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Тілшілер қатысқан жиында әкім Кеңдала ауылында блоктық-модульдік қазандықтар (БМҚ) салу үшін жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатқанын айтты.
Аудан әкімінің айтуынша, әзірленетін жобалардың жалпы саны — 19. Оның ішінде А.И. Смыков көшесіндегі № 24, 49, 49а, 53, 59 көппәтерлі үйлерге газ беру үшін БМҚ салу да бар. Қажетті құжат биыл желтоқсанда жасалып бітеді. Жобалардың барлығы бюджет есебінен жүзеге асырылмақ. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың наурыз айында басталады деп жоспарланып отыр.
«Талғар ауданы орталықтандырылған жылудан 1998 жылы ажыратылған. Сол себепті кей көппәтерлі үйлер көмірмен, электр қуаты пешімен жылытылып келе жатыр. 2018 жылы Талғарға газ жүйесі келе бастады. Сол уақыттан бері БМҚ-лар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ, арада белгілі себептермен үзілістер болған», — деді әкім.
Сондай-ақ әкім тұрғындар шағымданған соң әкімдік мамандары Кеңдала ауылына барғанын да атап өтті. Кездесуде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мамандар үйлерді аралап шыққан. Нәтижесінде кей пәтерлерде пеш жоқ екені анықталған.
«Тұрғындардың кейбірі биыл газға қосыламыз деп пештерін алғызып тастаған. Біз оларға демеушілер есебінен көмек көрсетеміз», — деді Танат Айдарбеков.
Айта кетейік, Талғар қаласында 33, Бесағаш ауылында 2 блоктық-модульдік қазандық бар.