Биылғы шілде айының алғашқы жексенбісі қос мерекеге тұспа-тұс келіп тұр. Алдымен 6 шілде – Астана күнін ескерсек, одан кейін бірінші жексенбіні Ұлттық домбыра күні екенін айрықша атап өтуге болады. Қос мерекенің де мемлекет үшін маңызы зор. Сондықтан айтулы күндерді қалай ұлықтасақ та жарасады.
Бүгін дәл осы қос мерекенің қарсаңында Қарасай аудандық ауруханасының перзентханасында ерекше шара өтіп, жақында ғана босанып, дәл бүгін перзентханадан шыққалы отырған 15 анаға құрмет көрсетілді.
Осы мақсатта Астана мен Ұлттық домбыра күндеріне орай, перзентханаға аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек пен Қарасай ауданы әкімі аппаратының басшысы Ержас Тоқтасынов арнайы келіп, тоғыз ай толғатып, сәбилерін бауырына басқан 15 ананың қал-жағдайларын біліп, ақжарма тілектерін арнады. Бұл ізгі ниетке аудандық аурухананың бас дәрігері Алмат Чорманов та қосылып, аналарға зор денсаулық тілеп, бала денсаулығы үшін уақтылы екпе алуды ұмытпау керек екенін ескертті.
Сондай-ақ аналар мен сәбилерге аудан әкімдігі атынан ерекше сый-сияпаттар табыс етілді. Аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек өз сөзінде әр отбасының үйінде ұлттық аспабы тұрсын деген тілегін айтып, аппарат басшысы Ержас Серғазыұлы екеуі әр анаға домбыра мен нәрестеге арналған жөргек қалталарын сыйға тартты.
Шара соңында перзентханадан үйіне асыққан аналар мен сәбилерге аудан өнерпаздары ән-шашуын арнап, құрмет көрсетті.