Мектеп оқушылары ПЭЕМ жұмыс істеген кезде көбінесе физикалық факторлармен және информатика мен электрлі-есептеу кабинеттерінің ауа құрамының әртүрлі факторларымен кездеседі.
Компьютерлік сыныптардағы мектеп оқушыларының организміне әсер ететін негізгі физикалық факторлар: электростатикалық өріс; 50Гц-электромагниттік өріс; радиожиіліктегі электромагниттік өріс.
Электростатикалық өріс, өндірістік орындардағы осындай факторлардың әсері сияқты қолданушылардың жүйке жүйесінің және эндокриндік жүйелерінің қызметін өзгерістерге ұшыратпағанымен, бөлмедегі шаң-тозаңдарды «зарядтап», олардың ауада ұзақ уақыт сақталуына жағдай жасайды. Осындай шаң-тозаңдармен тыныс алу тері, көз, жоғары тыныс жолдарының аллергиялық ауруларының дами бастауына қосымша қауіп төндіреді.
Информатика кабинеттерінде орнатылған компьютерлер рентген сәулесінің көзі болып табылмайды. Бірақ, мұндағы өте төмен қарқындағы рентген сәулесінің өзі ауа құрамының иондануына әсер етеді және компьютерлік сыныптарда БДТ саны көбейген сайын иондар саны да жоғарылай түседі. Оң иондар санының өте көбеюі адамдар денсаулығына қолайсыз әсер етеді.
Қазіргі кезде жұқа экранды мониторлар денсаулыққа қауіпсіз деп айтылғанымен, бірақ, әлі де оның белгілі мөлшерде электромагниттік сәулелерді бөліп шығаратыны мәлім. Ал, ескі мониторлардың зияны тіптен жоғары. Сондықтан үстеліңізде ескі монитор тұрса, одан ертерек құтылғаныңыз жөн.
Тапжылмай ұзақ уақыт компьютердің алдында отыру, біріншіден, баланың ой-өрісінің дамуын шектесе, екіншіден, оның мінез-құлқын өзгеруіне, логикалық ойлау қабілетінің бірте-бірте төмендеуіне әкеліп соғады, баланың ақыл-ойының дамуын тежейді. Компьютердің алдында үзіліссіз жұмыс істеу баланың қан қысымын көтереді, және миопия, құлақтың есту қабілетің төмендетеді, баланың ұйқысы бұзылып, асқа тәбеті болмайды. Ал, ұйқысы қанбаған баланың зейіні төмендейтіні белгілі. Сонымен қатар, омыртқаға көп күш түсетіндіктен омыртқа ауруына (сколиоз)шалдығуы мүмкін.
Компьютер көп жұмыстарымызды оңайлататыны анық. Десе де ағзаға тигізетін кері әсері өз алдында.
М. Азербаев,
ҚАҚДСБ басшысы.
А. Кенжебаева,
ҚАҚДСБ санитариялық-гигиеналық және техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің жетекші маманы.