13 желтоқсан күні «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған Жанболат Жөргенбаев аймақтарды аралап, аудан активімен кездесу өткізуде. Өткен аптада Жанболат Әкебайұлы біздің ауданымызда да болып, «Nur Otan» партиясының алға қойған мақсат-міндеттерімен таныстырып өтті. Жиын аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаеваның төрағалығымен ұйымдастырылған болатын.
Жаңа басшы ең алдымен Қарасай ауданының жетістіктерін тілге тиек ете келе партияның жаңа жылға қойған жоспарларына қысқаша тоқталды. Оның ішінде жұмысты ілгерілету мақсатында қолға алынған «Nur Otan» партиясының жеті серпіні» бағдарламасы, яғни, партияның белсенді мүшелерін топтастыру, партия органдарының әлеуетін барлық деңгейде арттыру, ауыртпалықтардан арылу, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыру, халықтың әр әлеуметтік тобымен жұмыс істеу қағидатын енгізу, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыру, партия төңірегіне жастарды біріктіру жайлы айтып өтті. Бұдан бөлек, көктемде «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Бәйбектің Алматы облысына іс-сапармен келетінін хабардар етті. Сондай-ақ, онымен кездесу барысында ауданның жетістіктерімен қатар, проблемаларын атап өтіп, айтуды ұсынды. Басқосу соңында Жанболат Жөргенбаев барша жиналғандарды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.