Елбасы үнемі ортақ Отанымызды дамыту жолында елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті басшылыққа алады. Тәуелсіз Қазақстанды Еуропа төріне шығарып берген Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Бүгінде еліміз Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық қуаты күшті, маңызы үлкен мемлекеттер ретінде мойындалып отыр. Осымен биыл алтыншы рет аталып өтіп отырған 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай осы аптаның бірінші күні «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Ел тірегі – Елбасы» атты салтанатты жиын өтті. Шараны «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат ашып, партия мүшелерін мерейлі мерекемен құттықтады. Алқалы басқосу аясында партия қатарына жаңадан қабылданған мүшелерге партиялық билеттер табыс етілді.
Атаулы күнге орай Ақшолпан Қайратқызы Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын насихаттап, елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан сүбелі үлесі үшін ауданның бірқатар белсенділеріне Алғыс хаттар табыс етті. Жиында аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағындық Жылқыбаев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Қаныбек Айтжанов, аудандық «Заман жаршысы» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты Атлана Исаева ізгі тілектерін білдірді.
Мұнан бөлек, таяуда жарық көрген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында оқушылар арасында өткен шығарма байқауының жеңімпаздары да марапатталды.
Салтанатты жиын барысында мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікке керемет көңіл күй сыйлады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.