Жақында Береке ауылдық Мәдениет үйінде «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы және «Шаңырақ – Мәңгілік Ел тұғыры» акциясы негізінде, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!» атты келіндер сайысы ұйымдастырды. Аталмыш игі шара Елтай ауылдық округі әкімінің қолдауымен, әрі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшығұлов және төрайымы Салиха Тойымбетованың бастамасымен қолға алынып, ол өз деңгейінде ойдағыдай өтті.
Келіндер додасында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында талай үлгі боларлық дүниелер қамтылды. Атап айтқанда, халқымыздың тарихы мен мәдениетін құрметтеу, ата-бабамыздан мұра болып қалған әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді кеңінен насихаттау, қазақ келініне тән инабаттылық, ізеттілік, тапқырлық, ақылдылық, жауапкершілік, пысықтық қасиеттері дәріптеді.
Мәдени шарада өз бақтарын сынауға Елтай ауылдық округінен 6 келін мен ене қатысып, салт-дәстүр бойынша білімдерін ортаға салды.
Ереже бойынша байқау V кезеңнен тұрды:
I. «Ибалы келін – иманды келін». Сәлем салып, ел-жұртпен амандасады, танысады;
II. «Ананың әлдиі әлемді тербейді». Бесік жырын айтады;
III. «Келін – отбасының болашағы» тақырыбында сұрақ-жауап;
IV. «Келіні жақсының – керегесі кең!» Ұлттық тағам дайындау, таныстыру, дайындық барысы айтылады.
V. Үй тапсырмасы. «Келін – отбасының ұйытқысы» атты көрініс. Мұнда отбасындағы келін мен ене арасындағы қарым-қатынас, отағасы, бала тәрбиесіндегі орны, үй тіршілігіндегі атқаратын міндеттері жайлы қойылым сахналанады.
Сайыста қазылар алқасы келіндерді сахнадағы жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, киім үлгісіне, инабаттылығы мен ибалылығына қарап бағалады. Нәтижесінде І орынға Көкөзек ауылының келіні Салтанат Тұрсунханова ие болды. ІІ орын қаратөбелік Нұрай Балтағұлға бұйырса Береке ауылының тұрғыны Жұлдызай Хасанова жүлделі ІІІ орынға ие болды. Бұл жарысқа арнайы қатысқан келіндер де марапатсыз қалмады. Ұлданай Қазыханға (Береке ауылы), Елена Қарамирзаеваға (Жармұханбет ауылы), Әсемай Жұмайға (Исаев ауылы) ынталандыру сыйлақтары берілді. Дәл сол сияқты енелер де жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, І орынға Береке ауылынан қатыстқан Ақалтын Жаксыбаева, ІІ орынға Көкөзектен келген Зейнегүл Килдибаева, ІІІ орынға Исаев ауылының атынан шыққан Ақмарал Сабден лайық деп танылды. Ал, ынталандыру сыйлықтары Алима Сейлибаева (Береке ауылы), Тұрысынай Мамбетова (Жармұханбет ауылы), Флора Қалиева (Қаратөбе ауылы) сынды апаларымызға берілді.
Лаура ХАБУЛОВА,
Береке ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері.