Біз сөз еткелі отырған Мейіржандай азамат – Қытайдан ата жұртын аңсап келген қандас бауырларымыздың бірі. Көп балалы болған әкесі Тұрсынәлінің бір ұлы. Әкесінен өмір мен еңбектің өнегесін алып өскен Мейіржанның әр күні іске толы. Отыздың үшеуіне келген жас жігіттің ұядай отауының құшағы қырмызы гүлдей қыздары, алтын асықтай ұлдарымен көркін аша түседі. Осы жасында сүйікті жары Бәтимамен 5 балалы болыпты. Екі ұл, бір қызы мектеп табалдырығын аттаса, екі балапаны әлі кішкентай.
Тасашыдай ауылдан қоныс тапқан, төрт түлік малына өріс тапқан әулеттің жағдайы жақсы. Шаңырақтарынан шаттық еседі. Өмірлері игілігіне толы. Ырыс пен құт, ынтымақ дарыған еңбекқор әулеттің шаруа қожалығына Мейіржан жетекшілік жасайды. Табан ақы, маңдай терлерімен өсірген 100 жылқысы, 70 сиыры мен жүзге тарта қой-ешкілері Тақиятөбе деп аталатын жайлаудағы өрістеріне көрік беріп тұр. Ырыстарын кіргізіп, табыстарын тасытып, шаруаларын щалқытып тұрған дәл осы – атыңнан айналайын, төрт түлік мал!
Малдың азықсыз өспейтіні белгілі. Әкесі Тұрсынәлі екеуі ақылдаса жүріп мал азығын дайындауға қажетті екі трактор, шөп шабатын, тасымалдайтын техникаларын, жүк көліктерін сатып алған. Қазір олар қысқа жетерлік шөп дайындап алу үшін еңбектенуде.
Ал ақ дастархандары сүт тағамдарымен майыса түседі. Ірімшік, құрт, май, маңыз самсап тұр. Тіл үйіре түсетін қымыз бұл шаңырақтан үзілген емес. Мұның бәрінде ала таңнан сиыр мен бие сауып, сүт тартып, бір-бірімен ұштасып кете баратын игі ісімен ерінбей, жалықпай айналысатын Бәтимадай он саусағы өнеріне толы ақ келіннің еңбегі мол. Бір уақыт саумал, енді бірде қымыз, қатық ішіп тұратын балапандардың жүзі өлкенің әдемі гүлдеріндей шырайлана түседі.
Балалы үй – базар, балалы үй – мереке мен береке. Отыз жастарында балалы-шағалы болып, жас отауларынын құшағын балалапандардың үніне толтырып отырған Мейіржан мен Бәтимаға әркім-ақ қызыға қарайды.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.
Суретте: Шаруа қожалығының мүшелері, ерлі-зайыпты Мейіржан мен Бәтима ұл-қыздарымен бірге.