Бүгінде ауданымызда үшауысымдылықты азайтып, сапалы мектептер саның көбейту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2023-2025 жылдар аралығында ауданымызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салу жоспарланып отыр. Солардың бірі Қошмамбет ауылында салынады. Бұл жайлы аптаның алғашқы күні аудан әкімі Жасұлан Естеновтің ауыл тұрғындарымен өткен кездесу барысында айтылып, жиын аяқталғаннан кейін ол нысан салынатын аймақты көріп қайтты.
Нақтырақ айтқанда, аптаның алғашқы күні аудан басшысы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қошмамбет ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып, олардың өтініш-тілектерін тыңдаған еді.
Жалпы, жиын барысында тұрғындар тарапынан көшелерде асфальттің, судың жетіспеушілігі, жарықтың дұрыс жұмыс жасамауы, дәрігерлік амбулаторияның қажеттілігі жайлы бірқатар мәселелер көтерілді. Сонымен қатар бүгінде өзекті болып отырған мектептің жетіспеушілігі де сөз болды.
Тұрғындардың айтуынша, жыл сайын ауылда адам саны көбейіп келе жатқандықтан жаңа мектептің қажеттілігі де артуда. Бұған Жасұлан Тоққожаұлы биыл ауыл аймағында үш гектар жер телімі бөлініп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа білім ордасының құрылыс жұмыстары басталатындығын мәлімдеді.
1200 орынға есептелген білім ордасы заманауи талаптар мен стандарттарға сәйкес жабдықталады. Оның құрылыс жұмыстарын мердігер компания «КАЗ СМУ ГРУПП» ЖШС жүргізеді.
Жоспар бойынша мектептің құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталып, пайдаланысқа беріледі.
Бұған қоса аудан әкімі ауыл балаларының қуанышына мектептең бөлек «Work Out» алаңы салынатындығын да айтып өтті. Мұнан бөлек биыл ауылдың Қошмамбет ауылында Жандосов, Мәметова, Байқоңыр, Масаншы және Қосағаш көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей кездесу біткеннен кейін аудан әкімі мектептің іргетасы қаланатын жерге барып, оның жобасымен танысып қайтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.