Мұсылман жұртшылығы үшін ардақты саналатын кез келген мереке, қасиетті айлар таяп қалғанда асыға күтіп, алақайлап қарсы алатынымыз жасырын емес. Соның бір айқын дәлелі – 12 айдың сұлтаны атанған қасиетті Рамазан айының келуі. Оның қарсаңында барша мұсылман баласы «Қош келдің, Рамазан!» деп жар салып, қуана қарсы алады. Ежелден ислам дінін ұстанған дана халқымыздың «Жарапазан жыры» міне, осы Рамазанды қарсы алудың жарқын үлгісі.
«Ассаламұғалайкум ақтан келдік,
Ай туып, күні шыққан жақтан келдік.
Айтты деп жарапазан сөкпеңіздер!
Пайғамбар жолын қуған адам едік» – деген сияқты жырлармен Ораза айының артықшылықтарын жеткізіп, қасиетті айдың келуімен сүйіншілеген. Аталмыш «жарапазан» атауының өзі ислам діннен кірген сөз. «Жә-ә» араб тілінде «келді» деген етістік болса, «рамадан» келген айдың аты болып, «Рамазан айы келді» деген қош хабарды білдіреді. Еліміздің кейбір өңірлерінде «Жарамазан» деп те айтады. Бұл турасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы былай деген: «Жарапазан рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің сыртында тұрып жарапазан өлеңін айтады».
Ислам дінінің негізгі бес тірегінің бірі болған Рамазан оразасының қадір-қасиеті, адамзатқа тигізер пайдасы ұшан теңіз. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» (Бақара сүресі 183-аят) – деп әмір ету арқылы мұсылман жұртшылығының асау нәпсісін ауыздықтап, иманын нығайтып, құлшығын қуаттап, кемелдікке жетудің жарқын жолына шақырады. Ал енді ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Рамазан оразасың сауаптарымен сүйіншілейтін, көптеген хадистерінің бірінде, Әбу Һұрайраның (р.а) жеткізуі бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ұлылығы шексіз Алла Тағала: «Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені ораза менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да оның қарымын өзім беремін» – деген» (Бұхари, Мүслим). Мінеки, бұл хадистен Рамазан оразасына берілетін сауаптың мөлшерін Алладан басқа ешікімнің шамалап біле алмайтындай шексіз екендігін аңғарамыз.
Рамазан оразасының парыз болу шарттары келесідей: 1. Мұсылман болу; 2. Балиғат жасына жету; 3. Ақыл-есі дұрыс болу; 4. Ораза ұстауға күш-қуаты жету (кәріліктен әлсіз болған, науқас болған және жолаушы адамдарға парыз емес).
Оразаның дұрыс болу шарттары: 1. Ниет ету (Ауыз бекітетінін іштей діттеу. Әр күнгі ораза үшін ниет етіледі) 2. Хайыз (етеккір) және нифастан (туыттан кейін келетін қан) таза болу. 3. Оразаны бұзатын жағдайлардың болмауы. Оразаны бұзатын жағдайлар: ішіп-жеу, төсек қатынасы, әрқандай затты жұту, әдейі ауыз толтырып құсу, күн батпай тұрып, күн батты деп ойлап аузын ашу, сәресі уақыты бітсе де әлі уақыт бар деп ішіп-жеу сынды амалдар.
Құрметті ағайын, ардақты бауырлар! Баршаңызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Рамазан – сабыр мен шүкірдің, кешірім мен мейірімнің, рухани тазарудың айы. Бұл ай – жүректер жұмсарып, дұғалар қабыл болатын, жасаған игі амалдарымыз еселеніп жазылатын қасиетті уақыт. Адам баласы нәпсісін тәрбиелеп, шынайы тақуалыққа қадам басатын ерекше мүмкіндік.
Айта кетейік, биылғы Рамазан айы 19 ақпан күні басталады. Пітір садақаның мөлшері – 735 теңге. Ал Қадір түні наурыз айының 16-нан 19-на қараған түніне сәйкес келіп тұр. Ораза айт – 20 наурыз.
Алла Тағала осы айда ұстаған оразаларымызды, оқыған Құрандарымызды, жасаған дұға-тілектерімізді қабыл етсін. Әрбір жасаған жақсылығымызды еселеп қайтарып, күнәларымызды кешірсін. Үйлерімізге береке, дастархандарымызға ырыс, жүректерімізге иман нұрын жаудырсын.
Бұл ай – тек аш жүру емес, бұл ай – тілді ғайбаттан, көзді харамнан, жүректі жаман ойдан сақтау. Рамазан бізді сабырлы болуға, кешірімді болуға, бір-бірімізге жанашыр болуға үйретсін. Ағайын арасындағы өкпе-реніш тарқап, бірлік пен татулық нығая түссін.
Әр отбасыға амандық, денге саулық, ризық-несібе тілеймін! Ауызашар дастархандарыңыз мол, ниеттеріңіз қабыл, Қадір түніне аман-есен жеткізсін. Рамазан айы әрқайсымыз үшін рухани жаңару мен үлкен сауаптың бастауы болғай! Алла Тағала баршамызды осы айдың берекесінен құр қалдырмасын!
Мүбәрак Рамазан айы қабыл болсын.
Дәуренбек ЖАНДОСҰЛЫ,
Қарасай ауданының бас имамы.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
