Алда келе жатқан 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелеріне орай ауданымызға қарасты Шамалған ауылдық округінде орналасқан «Úshqońyr» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі алғашқы рет марафон ұйымдастырды. Оның барысында 250-ге жуық жас спортшы саламатты өмір салтын насихаттап, белсенділік танытты.
2,5 шақырымдық марафон Жібек жолы-Мақатаев көшесінің қиылысынан басталып, аталған спорт мектебінің алыңына дейін созылды.
«Úshqońyr» спорт мектебінің директоры Дәурен Төлегенұлының айтуынша, бұл шара мейрамды атап өтіп, бүлдіршіндер мен жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
– Біздің міндетіміз — спортты дамыту және оны жас ерекшелігіне қарамастан барлық адамға қолжетімді ету. Қазақ халқы үшін маңызды мерекелерді атап өту мақсатында ұйымдастырған бүгінгі марафонымыз да ең бірінші кезекте осыған бағытталған. Бұл біздің ұйымдастырып отырған алғашқы марафонымыз болғанымен соңғысы емес, алдағы уақытта осындай және де өзге спорттық шаралар көптеп өткізетін боламыз, – деді спорт мектебінің директоры.
Саламатты өмірді насихаттаған шара соңы «Жаса Қазақстан» әніне орындалған үлкен флешмобпен тәмамдалды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.