Қаскелең қаласының орталық көшесі – Абылайханның бойы келешекте басқа көрініске айналмақ. Наурыз айынан бастап бұл жерде абаттандыру жұмыстары басталды. Оның тапсырыс берушісі – Қарасай ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Ал көше бойын ретке келтіруді жүзеге асыру «Капитал Строй Проект Групп» ЖШС-нің жауапкершілігінде.
Жоба бойынша Абылайхан көшесіндегі абаттандыру жұмыстары кезінде жол бойында біраз өзгерістер орын алады. Бұл жайында аталмыш бөлімнің бас маманы Нұрбол Жүнісбек түсіндірді.
– Абылайхан көшесін абаттандыру бойынша 2023 жылы жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалған. Жалпы құрылыс барысы екі кезеңнен болады. Бүгінгі таңда алғашқысын орындау үшін тиісті қаражат бөлінді. Соған сәйкес Қаскелең қаласының кіреберісі, яғни SDU университетінен бастап автобекетке дейін абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта осы аралықтағы көше бойында жарықтандыру мен аялдамалар орнатылып, арықтар ретке келтіріледі. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жиегі жөнделеді. Ал жалпы Мақашев көшесіне дейін абаттандыру жоспарда бар, – деді бас маман Н.Жүнісбек.
Ал құрылысқа жауапты «Капитал Строй Проект Групп» ЖШС өкілінің сөзіне сүйенсек, жөндеу жұмыстары жалпы көшенің 5,3 шақырымын қамтиды. Қазіргі таңда төрт бригада жұмыс істеуде. Жұмысшылардың жалпы саны 40 адам болса, 10 техника жұмылдырылған.
Айта кетейік, нысанның төлқұжатында көрсетілгендей құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 17 наурызында басталған. Аяқтау мерзімі келесі жылға жоспарлануда.
Д. МУХАМАДИЕВ.