Табиғатпен тікелей байланысы бар мамандық атауының ішінде жауапкершілігі мол күрделі кәсіптер де кездесіп жатады. Соның ішінде сабыр мен мейірімді қажет ететін, еңбекқорлық пен қырағылықты талап ететін орманшының еңбегін айрықша атап өтуге болады.
Расымен де, жасыл желекке жауапкершілікпен қарау оңай шаруа емес. Десе де осы бағытта қажыр қайратын тауыспай, ағашты өлкені қызғыштай қорғап жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі – «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарасты Ақсай филиалы Аксай орманшылығының орманшы басшысы Нұрбол Сәкенов.
Орманды алқаппен байланысы үзілмейтін азаматтың жауапты міндеті көпшіліктің көзіне көрінбеуі мүмкін, алайда мұндай маман иелерінің орман-тоғайға арнап жатқан еңбегі елеулі. Ендеше, жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісі атап өтілетін Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай, Нұрбол Сауытбекұлы мен орманшылардың жалпы еңбегі жайлы сөз қозғасақ артық болмас.
Кейіпкеріміздің өмірі мен қызметіне тоқталмас бұрын алдымен оның еңбек етіп жатқан саласына қатысты сөз етсек деп едік. Бұл ретте қысқаша айтарымыз «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жайында болмақ. Оның құрамына төрт филиал кіреді. Олар – Ақсай, Медеу, Талғар және Түрген. Осының ішіндегі Ақсай филиалы Қарасай ауданының аумағында орналасқан. Жалпы ауданы 57 899 га-ны құрайды. Аталған мекеме Ақсай және Қаскелең орманшылықтары болып екіге бөлінеді. Әрбірі атауларына сәйкес шатқалдардың бойын қамтиды. Атап айтқанда, бұл қос орманшылық Тас қамал, Ақжар құламасы, Ақсай скиті, Мыңжылқы жайлауы, Қызылжар, Кольцовое, Сатылы шатқалдары, Ақсай өзені, «Ақсай тағасы» шыңы, Макаревич мұздығы сияқты қызықты әрі көрікті жерлерді алып жатыр.
Ал біздің тақыбырымызға тұздық болып отырған Нұрбол Сәкенов бүгінгі таңда дәл осы Ақсай орманшылығының орманшы басшысы лауазымында еңбек етуде. Оның өміржолына тоқталар болсақ, ол 1990 жылы Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Қазыбек бек ауылында (бұрынғы Ұзынағаш бекеті) дүниеге келген. Әкесі Сауытбек Тасболатұлы мен анасы Раушан Әділкәрімқызы бес перзентке жарық өмірді сыйлап, лайықты, үлгілі ата-ана бола білді. Ал Нұрбол осы шаңырақтың кенжесі. Оның кіндік қаны көрші аудан болғанмен, өскен жері – Қарасай ауданының Қаскелең қаласы. Осы жердегі Н.Әлімқұлов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 2005 жылы 9 сыныпты аяқтап, Қаскелең гуманитарлы-техникалық колледжінің «инженер-механик» мамандығына оқуға түсті. Аталмыш оқу ордасын 2009 жылы тәмамдап, бірер жылдан кейін білімін жетілдіру үшін Алматы университетінің «заңгер» мамандығында оқыды. Одан кейін Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «аңтанушы» бағытында екінші жоғары білімін алды.
Бірнеше мамандықты игерген Нұрбол Сәкеновтің еңбек жолы ресми түрде 2013 жылы Талғар ауданының әкімдігінде басталған. Мұнда ол қаржы бөлімінің маманы болып 2016 жылға дейін еңбек етті.
Алайда ол мемлекеттік қызметші ретінде ұзақ жұмыс істей алмады. Өйткені оның ой-қиялы даламен байланысып, жай-күйі еркіндікке үйренген еді. Бала кезден тау-тасты кезіп, жайлаудың жағасында өскендіктен ол жан рахатын, қарым-қабілетін басқа салада байқап көргісі келді. Сөйтіп, 2017 жылы «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жұмысқа орналасып, осындағы Ақсай филиалының жедел топ инспекторы болды. Тәжірибе жинақтап, оң-солын таныған соң 2018-2022 жылдары аталған мекеменің биолог-аңтанушысы қызметін атқарды. Ал 2022 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарасты Ақсай филиалы Аксай орманшылығының орманшы басшысы лауазымында қызмет етуде.
Нұрбол Сауытбекұлы жетекшілік ететін мекеменің негізгі қызметі орманды қорғау және оны молайту болғандықтан, бұл бағытта атқарылатын шаруа оңай деп айтуға болмайды. Ағашты өлкені қадағалап, оның әрбір талы мен тасына мұқият қарау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондай-ақ туризмді дамыту жағынан да орманшылардың қосар үлесі зор. Себебі жасыл желектің жайқалып, көпшіліктің демалыс орнындағы тазалықтың қадағалануы маңызды.
Орманды молайту демекші, Ақсай орманшылығына жыл сайын жоспар бойынша арнайы жер көлемі белгіленіп, оған ағаш егу міндеті жүктеледі. Бұл жұмыстың басы-қасында әдеттегідей орманшылардың жүретіні анық. Ол жайында Нұрбол Сәкенов әңгіме барысында айтып қалды.
– Біздің филиалға Қаскелең және Ақсай орманшылықтары тиесілі болса, жыл сайын екеуіне теңдей жер көлемі бөлініп беріледі. Мәселен, биыл 5 га жерге Қызыл кітапқа енген «сиверс» тұқымды алма және өрік сияқты жеміс-жидектерді ектік, – деді орманшы басшысы.
Ақсай орманшылығы жай мекеме емес. Бұл – тұтастай бірлігі жарасқан, бірлесе еңбек ететін, жауапкершілік жүгін арқалаған ұжым. Нұрбол Сәкенов басшылық ететін құрамда оның көмекшісі, туризмге, тазалыққа, орманға жауапты үш шебер және 14 инспектор еңбек етеді. Әрбірінің атқарар қызметі әртүрлі болғанымен, олар үшін қиын сәттердің бірі – орманды алқапта өрттің өршуі. Жасыл желектің ортасында жүргендіктен, төтеншеліктер келгенше жалынды ауыздықтау үшін алғашқы қадамдарды дәл осы орманшылар жасайды. Сондықтан қауіп-қатерге бас тігетін маман иелерінің еңбегі елеулі екенін бірі білсе, бірі білмейді.
Оттың тұтануы өздігінен болмасы анық. Әсіресе, жазғы маусымда таулы өлкеде демалатындардың көбі табиғатқа жанашырлықпен қарамайды. Бұл жайында Нұрбол Сауытбекұлы түсіндіріп өтті.
– «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кең болғандықтан, оның маңайында әлі күнге дейін бау-бақшалар орналасқан. Олардың біразында тұрғындар өмір сүреді. Кейде солардың өртеген қоқыстарынан шоқтар ұшып шығып, орманды алқапқа түседі. Одан кейін өрттің тұтануы басталады. Сондай-ақ тау бөктерінде демалатындар да бар. Олар да от жағып, толық өшірмей кетеді. Міне, осындай салдардан тілсіз жауға тап боламыз.
Мұндай жағдайда алғашқы іс-әрекет бізден болғанмен, бәрібір төтенше жағдай қызметкерлерінің көмегіне жүгінеміз. Сондықтан табиғатты қауіптен қорғау кезінде өрт сөндірушілердің атқарар қызметі зор, – деді Нұрбол Сауытбекұлы.
Кейбіреулер «орманшы» деген сөзді естігенде таза ауада серуендеп, табиғаттың таңғажайыбын тамашалайды деп ойлауы мүмкін. Алайда олардың жұмысы қауіп-қатердің ортасында екенін ұмытпаған жөн. Оған жоғарыда атап өткен сала мамандарының іс-әрекеті дәлел бола алады. Сондықтан болар, соңғы уақытта орманшыларға мемлекет тарапынан қолдау жақсы білінуде. Өйткені осыдан екі жыл бұрын Абай облысындағы «Семей» резерватында орын алған алапат өртте орманшылардың еңбегі қатты білінді. Бір өкініштісі, қайғылы жағдай тіркеліп, орманды өлкенің көп бөлігі отқа оранды.
Табиғатты көздің қарашығындай қорғайтын орманшылардың еселі еңбегі, міне, осындай. Әрбірінің қажыр-қайраты ескеруге лайықты, мақтауға тұрарлық десек, орынды болар. Осы ретте біз сөз еткен Нұрбол Сәкенов пен оның әріптестерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз. Адал еңбектері абырой биігінен көрінсін.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
