Жамбыл ауданындағы төтенше жағдайлар гарнизонының қызметкерлері аудан аумағында орналасқан қонақүйлер мен жатақханаларда қайғылы оқиғаларды болдырмау мақсатында алдын алу шараларын жүргізді.
Сақшылар аудан орталығы Ұзынағаш ауылындағы жалға берілетін баспаналарды арнайы рейдпен аралап шықты. Елді мекенде орналасқан қонақүйлер мен жатақханалардың иелеріне жолығып, жалға беріп отырған ғимараттарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін білді. Сонымен қатар онда тұрып жатқан тұрғындар мен қонақтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөніндегі профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жолыққан жандарға арнайы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша жадынама парақтарын таратты.
Жамбылдық төтеншеліктер «Сақтықта қорлық жоқ» дегенді халыққа түсіндіруден танбай келеді. Аудан тұрғындары мен қонақтарының тұрмыстағы, тұрғын үй секторларындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға жеткілікті мән беріп, сақтық шараларын ешқашан естен шығармауларын сұрайды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.