«Шынықсаң, шымыр боласың» демекші, саламатты өмір салтын сақтауды бала кезден дағдыға айналдыру кім үшін болсын дұрыс. Спорттың қай түрін жаныңа серік етсең де денсаулыққа пайдасы зор. Осы саламен жеткіншек кезінен кәсіби түрде айналысып, жастайынан жетістікке жетіп жүргендер де аз емес. Сондай таудай талабы бар жасөспірімдер таяуда Талдықорған қаласында өткен облыстық жарыста топ жарды. Олар ауданымыздағы Бірінші май ауылдық округіне қарасты Бекболат ауылындағы мектепте шынығады. Жас спортшыларды байрақты бәсекелерге қатысуға спорттың бокс түрі бойынша Бақытбек Сейтбеков пен Санжар Амренов атты жаттықтырушылар дайындайды. Былғары қолғап шеберлері түрлі сайыстарда үздіктер қатарынан көрініп жүр. Жақында, өткен Алматы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасындағы ұйымдастырған жарысынан да мерейлі марапатпен қайтты. Олардың ішінде 52 келі салмақта Сабыржан Естебек, 48 келі салмақта Әсет Әділов бірінші орынды иеленді. Ал, 36 келі салмақта Алиби Айдарханов екінші орынды қанағат тұтқанымен, оған қоса әдіс-тәсілдерін дұрыс әрі ұтымды пайдалана білгені үшін«Үздік боксшы» атағын иеленді. Әрі қарай аталмыш жарыстың республикалық деңгейіне жолдама алды. Еліміздің әр түкпірінен келген сан мықтылар сайысқа түсетін додада қарсыласына дес бермей, ұтқырлықтарымен жеңіске жетулерін тілейміз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.