Қазақтың қолөнері – ұлттық мәдениетті насихаттайтын, байырғы, әрі құнды салалардың бірі болып табылады. Бүгінде осы ұлттық болмысты сақтап, дәстүрімізді дәріптеп, рухани жаңғыру жолында талмай еңбек етіп жүргендердің бірі – Бекдайырлар әулеті.
Ұлттық өнерді 40 жылға жуық серік етіп жүрген үлгілі отбасы 2000 жылдары Жамбыл ауданынан Қарасай ауданына қоныс аударған. Қазақи нақышта талай тың дүниелерді жарыққа шығарып келе жатқан «Шебер жанұя» жеке кәсіпкерлігінің бүгінгі таңда екі шеберханасы бар. Оның бірі аудан орталығы Қаскелең қаласында болса, екіншісі Алматы қаласының іргесіндегі «Таусамалы» елді мекенінде орналасқан. Он саусағынан өнер тамған отбасы мүшелерінің қай-қайсысы болсын ұлттық өнерді жанына жақын тартып, дәстүрді жаңғыртумен айналысып келеді. Отбасының отағасы – Бекдайыр Қоңыр ағамыз қолөнер жолы оңай еместігін айтып, еш қиындыққа қарамай еңбек етумен қатар, өзінің ұл-қыздарын да өнерге баулып келеді.
– Осы уақытқа дейін қанша қиындық көрсек те ешқашан бұл өнерді тастау деген ой болған емес. Қазақтың өнерін дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жеткізу ғана мақсатымыз бар. Қолөнер – қазаққа ортақ құндылық деп білеміз. Отбасылық кәсіп болғандықтан бұл саланың жан-жақтылығын да көрсетіп келеміз. Мәселен, зергерлік жағынан алатын болсақ, сырға, білезік сияқты әшекей бұйымдарды жасаумен қатар, түрлі таңбалы ою-өрнектерді де жасап шығара береміз.
Ағамыздың өмірлік жары Анаркүл анамыз қазіргі таңда келіні Меруерт екеуі отбасылық кәсіптің дөңгелеуіне құрақ-көрпе, кестелеу сияқты тоқыма өнерімен өз қолғабыстарын тигізуде. Тоқыма дүниелерінің ішінде ерекше көзге түсетін әулеттің шежіресі жайлы туындыны айтпасқа болмас. Онда Бекдайыр әулетінің толық тарихы өрнектеліп, көрнекті кестеленгенін айрықша атауға болады.
Ал, жарасымды жанұяның ұлдары бала кезден бері әкелерінің шеберлік қасиетін бойларына сіңіріп, өздерінің өнер жолындағы қолтаңбаларын қалдырудан жалыққан емес. Шебер ағамыздың атұстарлары қамшы өруге жақсы машықтанғаны соншалық, бірнеше түрлі таспа арқылы өре беретініне көзіміз жетті. Үйдің кенжесі, егіздің сыңары Еркежан болса, тоқымашылық өнерді дамыту мақсатында өзінің жеке шеберхана мектебін қалыптастырып, кестелі дүниелерді жаңғыртып келеді.
Отбасылық кәсіпті несібесіне айналдырған өнерлі жанұяның осы уақытқа түрлі көрмелер мен фестивальдер аясында жеткен жетістіктері де аз емес. Әсіресе, Қоңыр ағамыз бір кездері көрме барысында Елбасымен қол алысып тұрып, мақтау айтқан сөздерінің ерекше есте қалғанын айтады.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, ұрпағына қазақ өнерінің қасиетін ұғындырып, ұлттық өнердің жандануына үлес қосып жүрген Бекдайырлар отбасына толағай табыстар мен жемісті жетістіктер тілейміз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.