Ауданның дамуы, экономикалық жетістіктері мен алдағы жоспарлар туралы мәліметтерден тұрғындарды хабар ету мақсатында өтетін аудан әкімінің есептік жиыны әлі де жалғасуда. Оның аясында өткен аптаның жұмасы күні Жасұлан Естенов Елтай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Жиында алдымен аудан басшысы округте бүгінге дейін жүзеге асырылған жұмыстар мен алда қолға алынатын жоспарлар туралы айтып өтті. Мұнан кейін тұрғындар тарапынан қойылған түрлі сауалға жауап берді.
Жалпы кездесу барысында елтайлықтар тарапынан көтерілген мәселенің бірі мектептің қажеттілігі болды. Олардың айтуынша, Исаев ауылында мектептің жетіспеушілігі қатты сезілуде. Бүгінгі таңда ауылдағы 600 орындық мектепте 1500-ден астам балалар бірнеше ауысыммен білім алуда. Сондықтан оқушылар сабақтардан кеш шығып, үйге қараңғыда қайтып жатады. Ал кешкі уақытта көшелерде неше түрлі адамдар мен иттер жүреді. Бұл – балалар үшін өте қауіпті.
Бұған аудан басшысы қазіргі уақытта барлық күш аудандағы мектеп мәселесін шешуге бағытталып жатқандығын жеткізді. Мәселен, былтыр Елтай округіне қарасты Жармұхамбет ауылында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ал бүгінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Көкөзек ауылында 1500 орындық және Елтай ауылында 1200 орындық мектептердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Аяқталу мерзімі 2024 жылдың 1 қыркүйегіне жоспарланған.
Сонымен қатар жасөспірімдерге қатысты көтерілген тағы бір мәселе – демалыс алаңдары болды. Бұл бойынша Жасұлан Тоққожаұлы екі жыл аралығында Елтай округінде алты Street Workout – көше гимнастикасына арналған спорттық алаңдар салынып, қолданысқа берілгендігін, ал биыл Көктоған ауылының Жауғаш батыр көшесінде, 71 разъездің Кенжина көшесінде және Ақсеңгір ауылының Лесная көшесінде қосымша үш Street Workout салуға 27,0 млн. теңге бөлініп, мердігер мекемені анықтау үшін конкурс жарияландығы туралы айтып өтті. Жұмыстарды мамыр айында бастау жоспарлануда. Қазіргі уақытта құрылысқа қажетті жер телімдері бөлініп, мемлекеттік актілер рәсімделуде. Оған қоса, Көкөзек ауылының Абай көшесінде стадион салуға 0,91 га жер телімі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, құрылыс жұмыстарына қаражат бөлуге бюджеттік өтінім тапсырылған (сметалық құны 1 млрд. 089,9 млн. теңге).
Мұнан бөлек елтайлықтар ауылдарда аурухананың жоқтығы, ал бар медициналық амбулаторияның ғимараты тым кішкентай, қаралушылар үшін тым ыңғайсыз екені туралы да айтты. Аталған мәселе бойынша Жасұлан Естенов округтегі Қаратөбе ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік акушерлік пунктің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға өткізілгендігін жеткізді. Оның құрылыс жұмыстары биылғы жылы басталады деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, «НоваИнвест» ЖШС-нің мемлекеттік жеке меншік серіктестік (ГЧП) шеңберінде Елтай ауылдық округі бойынша 5 ауылдың (Исаев, Жармұхамбет, Көкөзек, Ақсеңгір, Көктоған ауылдары) медициналық мекемерінің ғимараттарын жалға алу немесе сатып алу жолымен жағдайларын жақсарту туралы ұсынысын Облыстың денсаулық сақтау басқармасының қарауына тапсырылғандығын түсіндірді.
Бұған қоса орталық аурухананың бас дәрігері Алмат Чорманов, округке жаңа медициналық орталық салу үшін жоба жасалып, денсаулық сақтау басқармасына жіберіліп, қазіргі уақытта қарастырылу барысында екенін мәлімдеді.
Кездесу барысында бір топ адамдар саяжайлар мәселесін көтерді. Тұрғындар өздері тұрып жатқан саяжайлар аудан аймағына кіртін саяжайлар тізімдерінді жоқ екенін айтып, алдағы уақытта осы жұмыстардан шетте қалып қаламыз деп уайымдап отырғандарын жеткізді. Аудан әкімі бірнеше саяжайлардан келген өкілдерге округке жақын барлық саяжайлар жоспарға сәйкес, кезең-кезеңмен елді мекенге қосылатындығын түсіндіріп, уайымдамауларын сұрады.
Мұнан бөлек округке қарасты бірқатар ауыл тұрғындары күн жылығалы кешкі уақыттарда көшелерде мопедпен ары-бері жүріп, оның қатты дауысымен демалып жатқандардың мазасын алатын жасөспірімдердің көбейіп кеткендігін және де оған полиция қызметкерлері қарсы шара қолданбай жатқандығына наразылықтарын білдірді. Елдің шағымын тыңдаған әкім жиынға қатысып отырған округтің учаскелік полиция қызметкері мен басқарманың өкілдеріне бұзақыларға амал қолданып, тәртіпті қатаңдатуды сұрады.
Жалпы жиында жоғарыда айтылғандардан бөлек жарық, жол, су, қоқыс, қаңғыбас иттер секілді өзге де округ үшін өзекті болып отырған мәселелер көтерілді. Аудан әкімі Жасұлан Естенов қойылған сұрақтардың барлығына жауап беріп, округ әкімімен тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.