Аптаның дүйсенбісі күні орталық кітапханада «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының кезектес тыс XLVIII конференциясы өтті. Алда келе жатқан Райымбек ауылдық округінде өтетін округ әкімінің сайлауы жайлы сөз етілген жиынға аудандық депутаттар, партия ардагерлері, белсенділер, бастауыш партия ұйымының төрағалары, аталған ауылдық округтің белсенді партия мүшелері қатысты.
Конференция жұмысын аудандық филиал төрағасы Қаныбек Айтжанов ашып жүргізді. Күн тәртібінже жоғарыда айтып өткеніміздей, Райымбекте өтетін сайлау мәселесі қарастырылды.
Жалпы Райымбек ауылдық округі Қарасай ауданындағы ең ірі өңірдің бірі. Оның аумағына жаңа құрылыстарды санамағанды жеті елді мекен кіреді. Алматы қаласына іргелес орналасқандықтан мұндағы тұрғындар саны жылсайын тек артып келеді. Соған сәйкес жол, су, жарық және тағы да басқа шешімді қажет ететін әлеуметтік мәселелер баршылық. Таяуда аталған округті 2023 жылдан бері басқарып отырған әкім белгілі себептермен лауазымынан кеткен еді. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңының 113-1-бабына сәйкес Алматы облысы Қарасай ауданы аумаутық сайлау комиссиясы 2025 жылғы 14 қыркүйекте Райымбек ауылдық округі әкімі сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады.
Жиында Қаныбек Құлжабайұлы жуырда өтетін науқанға байланысты еліміздің сайлау туралы заңының 113-1-бабын басшылыққа ала отырып, «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы саяси кеңес бюро отырысының қаулысымен үміткер ретінде Ержас Тоқтасыновты ұсынды. Сондай-ақ жиналғандарға кандидаттың өмірбаяны мен еңбек жолын таныстырып өтті.
Айта кетейік, Ержас Серғазыұлы Қарасай жерінің тумасы. Алғашқы еңбек жолын 2011 жылы Іле-Алатау ұлттық табиғи саябағының Медеу филиалында шебер болып бастап, кейіннен жекеменшік компанияларда және Қарасай ауданына қарасты әкімдіктерге бірқатар лауазымдарда жұмыс істеген. Ал 2024 жылдан бүгінге дейін Қарасай ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымында қызмет етіп келеді.
Үміткер жайлы толық ақпарат берілген соң, конференцияға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов, Райымбек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Леміс Әбдікәрімов, аудандық мәслихат депутаттары Василий Тен және Атлана Исаева сөйлеп, Ержас Тоқтасынов осы уақытқа дейін бірнеше мемлекеттік қызметте істеген тәжірибелі, жауапты маман, ел сенімінен шыққан білікті басшы екенін тілге тиек етіп, оның кандидатурасын қолдайтындарын жеткізді.
Үміткердің еңбек жолымен және ол туралы айтылған ойларды ескере отырып, конференцияға қатысқан делегаттар Ержас Серғазыұлының кандидатурасын бір ауыздан қолдады. Яғни, алдағы Райымбек ауылдық округінде өтетін әкім сайлауына «AMANAT» партиясы атынан осы үміткер қатысатын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
