Жиынды аудан әкімінің міндетін атқарушы Бексұлтан Ақылбек ашып, алдымен 14 214 халық тұрып жатқан Жандосов округі бойынша биылғы жылы істеліп жатқан және қолға алынған жұмыстар жайлы айтып өтті.
Бексұлтан Ақылбектің сөзіне сүйенсек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қарасай ауданында пайдаланылмай жатқан 44,4 мың га ауыл шаруашылығы жері анықталып, оның 14,5 мың гектары мемлекеттік жер қорына қайтарылды. 12 мың га жер телімінде қайта игеру жұмыстары өткізіліп, меншік иелері бақылауға алынса, қалған 18 мың га жер телімін қолданыстағы заңға сәйкес мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар атқарылуда. Осы жұмыстар аясында Жандосов ауылдық округінде жалпы көлемі 14,49 гектар пайдаланылмай жатқан жер телімі анықталды (6 жер иеленушіге тиесілі), оның ішінде 0,75 гектары мемлекеттік жер қорына қайтарылды.
Сондай-ақ Жандосов ауылында Мәдениет үйінің құрылысына жобалық-сметталық құжаттама дайын, құны 774,9 млн. теңге құрады, бюджеттік өтінім дайындалуда. Ауылдық кітапхананы жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда оның 60 % аяқталды, толық бітіру желтоқсан айына жоспарланған. Бөлінген қаржы сомасы – 261,1 млн.теңге.
Бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл Жандосов ауылындағы Темірбеков көшесінде бір STREET WORKOUT алаңы салынуда. Жоспар бойынша нысанның құрлысы 31 қазанға дейін аяқталуы керек. Бөлінген қаржы – 9 млн. теңге.
Бұдан бөлек ауданда 14 елді мекеннің электр жүйелерін жаңғырту жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, 4,6 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім дайындалды. Бұл жобалардың ішінде Жандосов ауылы да бар. Алдағы уақытта қажетті қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілсе, аудандағы өзекті мәселелердің бірқатары шешімін табады. Сонымен қатар Қарасай ауданында ірі бизнеспен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік те қарқынды даму үстінде. Қазіргі таңда ауданда 41 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, 67 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде Жандосов ауылдық округінде 1023 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 1670 тұрғын жұмыспен қамтылған.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек қазіргі уақытта ауданның бірқатар елді мекенінде, оның ішінде, әрине, Жандосов округіне қарасты ауылдарда да су құбырларын жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, сол көшелерге асфальт салу жұмыстары шегерілген.
Аудан әкімінің міндетін атқарушысының қысқаша жасаған баяндамасынан кейін тұрғындар тарапынан түрлі сұрақтар қойыла бастады.
Мәселен, бірінші тұрғын мектеп мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ауылдағы қазіргі мектеп 60-жылдары салынған, кейіннен оның қасына жапсаржай тұрғызылғанымен жылда өсіп бара жатқан балалардың санына байланысты үш аусымдылық мәселесі пайда болды. Осы ретте ауылға жаңа білім ордасын салып беруді сұрады. Сондай-ақ ол ауыл тұрғындары жиі қатынайтын № 5 қоғамдық көліктің арасы тым ұзақ екенін айтып, жаңа автобустар қосу мәселесін де көтерді.
Бұған Бексұлтан Ақылбек кеңінен тоқталып, ауданда жүзеге асып жатқан «Келешек мектебі» жобасы аясында бірінші кезеңде 8 ауылға, одан соң екінші кезеңде Қырғауылды және Жандосовқа мектеп салу алғашқы жоспарда бар екенін айтты. Алайда республикалық бюджеттің тапшылығына байланысты жоспарда өзгерістер орын алған. Бірақ жергілікті әкімдік тарапынан Жандосов округіне мектеп тұрғызу мәселесі облыс әкімдігіне жеткізілген. Бүгінде осы бағытта жұмыстар атқарылуда.
Қоғамдық көлікке келер болсақ, қазіргі таңда Жандосов ауылдық округінде үш маршруттық автобустар қызмет көрсетеді.

Ол «Қаскелең қаласы – Шалқар ауылы – Жандосов – Қайнар ауылы» бағытында қатынайтын № 5, «Қаскелең қаласы – Қайрат ауылы» бағытындағы № 2А «Шамалған – Жандосов – Алматы қаласы» бағытында қатынайтын № 212 маршрут. Бұл жерде айта кететіні, № 212 автобусының саны 7-ден 22-ге көбейтілді. Бұл осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс. Ал № 5 маршрутқа жаңа автобустар қосуға келсек, ол жергілікті бюджеттің қауқарына байланысты болғандықтан, егер қаражат жеткілікті болса бұл мәселе қарастырылатын болады.
Гүлнар есімді тұрғынның тарапынан амбулаторияның жоқтығы, сондай-ақ ескі массивтегі Жетісу, Әзірбаев, Мәметова, Қонаев және Қажымұқан атты көшелерге жарық жүзгізу мәселесі көтерілді. Бірінші мәселе бойынша ауданның жаңа бас дәрігер Бауыржан Сатыбалды жауап берді. Оның айтуынша, жоспар бойынша Жандосов округіне салынуы тиіс дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болды. Енді жуырда облыста өтетін мәслихат отырысында жоба қолдау тауып, қаражат бөлу туралы шешім қабылданса, келер жылы құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Ал жарықтандыру мен көшелердегі жолдарды жөндеу бойынша Бексұлтан Ақылбек барлығы да жоспарға сай жүргізілетінін жеткізді.
Округтен сайланған мәслихат депутаты Самат Толықбай жылда қыстан кейін бірқатар көшелерде су тапшылығы пайда болатын, алайда былтырғы жылы Қаскелең құбырына қосылған соң, бұл мәселе біраз уақытта шешілген. Ал ағымдағы жылы қыстан кейін қандай жағдай орын алатындығын білмей отырған тұрғындар уайымы жоғары. Бұл ретте депутат аудан әкімінің міндетін атқарушыдан осы мәселені өз назарында ұстап отыруын сұрады. Сондай-ақ ол су құбырларын өткізіп жатқан компаниялар артынан асфальт салмаса да, көше жолдарын тегістеп кетсе деген өтінішін білдірді. Бұған қоса Самат Мәлікұлы лицензиясынан айырылуға жақын тұрған жекеменшік мектебі мәселесін сөз етті. Оның айтуынша, 8 жылға жуық Шалқар ауылында істеп тұрған жекеменшік білім ордасында қазіргі уақытта су жылытатын қазандық жоқ, тоқ жүйесі әлі де дұрыс жүргізілмеген. Одан бөлек те бірқатар кемшіліктерге байланысты СЭС тарапынан мектеп лецензиясын алып тастау мәселесі туындаған. Бұл бүгінде 9-11 сынып оқып жатқан балалар үшін үлкен қиындық әкелуі мүмкін. Аудан әкімдігі аталған мәселені шешуде қолдау көрсетілсе, жақсы болар еді.
Халық қалаулысын тыңдаған Бексұлтан Ақылбек айтылғанның бәрін назарға алғанын және алдағы уақытта аудан әкіміне жеткізетіндігін айтты.
Жалпы жоғарыда айтылғандардан бөлек жиын барысында ауыз су, жарық, қаңғыбас ит, қоқыс секілді өзге де әлеуметтік мәселелер талқыланды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы тарапынан округ әкімі мен тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар берілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
