Өткен аптаның жұмасы күні «Amanat» партиясы аудандық филиалында облыстық мәслихаттың хатшысы Дәулет Жарасбаев қоғамдық қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарының мазалап жүрген мәселелерін тыңдап, сауалдарына жауап берді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаныбек Айтжанов, аудандық мәслихат хатшысы Бауыржан Айнабеков, мәслихат депутаты Атлана Исаева мен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Талғат Қыдыралиев қатысып, бірқатар мәселелер талқылады.
Облыстық мәслихаттың хатшысымен кездесуге алғашқы болып Айнұр есімді Шамалған ауылының тұрғыны біраз уақыттан бері шешілмей жатқан жарық мәселесіне көмек көрсетуін сұрап келді. Оның айтуынша, бүгінде Шамалған ауылының кіре берісінде салынып жатқан жаңа құрылыстағы 80-нен астам отбасы «Санипа» атты жеке меншік компанияның трансформаторынан жарық алуда. Осы уақытқа дейін жаңа құрылыстың тұрғындары жарықтың әр киловатына 28 теңгеден төлеуге мәжбүр болып келген. Оның үстіне компания жеке меншік болғандықтан жарықтың дұрыс берілуін ешкім қадағалай алмайды. Компанияның басшысы жарықты өзі қалаған кезде өшіріп тастайды. Тұрғындар округ әкіміне шағымданып, бірнеше рет жиналыстар өткізген, бірақ ешқандай нәтиже болмаған. Бүгінде аталған компанияның басшысы өзінің тарифын монополияға қарсы комитет арқылы бекітіп алу үшін тұрғындарды «жарықты өшіріп тастаймын» деп қорқытып келісім-шартқа отыруға үгіттеуде.
Бұған Дәулет Жамалбекұлы Шамалған округінің әкімі Ержас Тоқтасынов пен «Amanat» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаныбек Құлжабайұлына осы істі қолдарына алып, ол жерге ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жарықты басқа транформаторға қосуды, сондай-ақ, аталған компания бойынша тексеріс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, Дәулет Жарасбаев бұл мәселе жақында өтетін облыстық мәслихат сессиясында қаралатындығын айтты.
Келесі кезекте халық қалаулысы Атлана Исаева көтерген Долан ауылындағы мектеп мәселесі тыңдалды. Бүгінде Долан ауылында 75 балаға арналған мектепте 220 оқушы білім алуда. Осыдан 72 жыл бұрын қолданысқа берілген мектеп бойынша 2020 жылдың ақпан айындағы «Ырыс-экспорт-Құрылыс» ЖШС-нің жасаған тексерісінің нәтижесіне сәйкес, оның ғимараты тозығы жеткен деп танылып, бұзу керектігі туралы қорытынды шығарылған. Осыған байланысты қазіргі уақытта ауылға 600 орынға арналған жаңа мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Оған 46 млн 700 мың теңге қарастырылып, аудан әкімдігінің тарапынан мектеп құрылысына қажетті қаражатқа бюджеттік өтінім де берілген. Бірақ құрылыс жұмыстарына сұрап отырған қаражат көп болып отырғандықтан әлі рұқсат берілмеген. Мектепке байланысты туындаған мәселені толығымен тыңдаған облыстық мәслихат депутаты халық қалаулысына аталған мәселені аудан әкімімен ақылдасып барып шешу қажет екенін айтты. Алайда, қазіргі уақытта ауданның әкімі жоқ болғандықтан оның тағайындауын күтіп, жаңа әкіммен бірге ақылдаса отырып, мәселенің шешімін іздеуді тапсырды.
Жиналыста көтерілген үшінші түйткілді мәселе – В.Белинский атындағы орта мектептің аяқталмай тұрған құрылысы болды. Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сағындық Жылқыбаевтың айтуынша, аталған мектептің құрылысы өткен жылы басталып, әлі аяқталмай отыр. В.Белинский атындағы орта мектептің оқушылары бір жыл бойы басқа мектептерге барып оқыған. Осыған байланысты бүгінде ата-аналар тарапынан көптеген наразылықтар туындап отыр. Бұл мәселе бойынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Талғат Сайлаубекұлы жауап беріп, мектептің құрылыс жұмыстарына жауапты компания алғашында 2021 жылдың қараша айында мектепті бітіру керек еді, алайда, берілген мерзімде аяқтай алмағандықтан олардың үстіне сотқа шағым берілгендігін мәлімдеді. Оның нәтижесі бойынша компанияға тағы біраз уақыт беріліп, олар құрылысты 2022 жылдың наурыз айына дейін бітіру керек болған. Бірақ компания жаңадан жасалған келісімшартта мерзімді дұрыс көрсетпегендіктен оның күші наурыз айының 31-і күні біткен. Сондықтан мердігер компания бүгінде құрылыс жұмыстарын толығымен жасай алмай отыр. Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасын тыңдаған Дәулет Жарасбаев бұл мәселені назарға алып, оны шешу үшін барынша көмегін көрсететіндігін айтты.
Облыстық мәслихат хатшысының өткізген қоғамдық қабылдауына соңғы болып қарасайлық көп балалы ана кіріп, өзінің церебральды сал ауруымен науқас баласының еміне қаржылай көмек көрсетуін сұрады. Бұған Дәулет Жамалбекұлы азаматшаның мәселесін назарға алып, облыстағы меценаттардан қолдау көрсетуін сұрайтынын жеткізді.
Осылайша қоғамдық қабылдауға келген барлық тұрғындардың арыз шағымдары тыңдалып, мәселелері оңтайлы шешімін тапты.
Жиын аяқталған соң облыстық мәслихат хатшысы ауданымыздағы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан В.Белинский сияқты мектептерді аралап қайтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.