Отан үшін от кешіп, жеңіс туын желбіреткен қайсар жүректі азаматтардың қатарында қарасайлық батырлардың да бар екені белгілі. Өкінішке орай, жыл өткен сайын ардақты ардагерлердің қатары сиреп барады. Ортамызда үш қана майдангер қалса, соның бірі – Иса Керімтаев.
Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Алматы облысының мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев қарт майдангердің үйіне арнайы барып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Ж.Жөргенбаевпен бірге Қарасай ауданының мәслихат хатшысы Бауыржан Айнабеков пен Райымбек ауылдық округінің әкімі Елжан Туленбаев та қариямызды ардақтап, сый-сияпаттарын табыстады.
Атамыздың үйіне арнайы келген қонақтар 100 жастағы майдангердің Жеңіс жолында көрсеткен батырлығына ризашылығын білдіріп, оның ерліктері ұрпаққа үлгі әрі ұмытылмайтынын жеткізді.
Ұлы Отан соғысының ардагері де келген қонақтарға шынайы алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Өз тілшіміз.