Қазіргі таңда облыстың туристік әлеуетін дамыту басты назарда. Соның ішінде инфра-құрылымдық нысандар да бар, яғни, ұлттық парктерде этнографиялық ауылдар мен туристік кешендер маршруттары бойынша сервистік кешендер салуға бағытталған.
Сонымен қатар, Алакөл, Балқаш көлдері және Қапшағай су қоймасы жағалауларында жағажай-сауықтыру туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ауқымды нысандар қатарында — біруақытта 1000-нан астам орынмен қамтамасыз ете алатын демалыс аймақтары бар және жоғары деңгейдегі бесжұлдызды қонақ-үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыста 680 туристік нысан қызмет жасауда. Орналастыру орындарында қызмет көрсетілген адамдар саны 1 566 709 адамды құрады, соның ішінде ішкі туризм бойынша – 1 564 978 адам, сыртқы туризмі бойынша – 1731 адам. Ақылы туристік қызметтердің көлемі 8,3 млрд.теңгені құрайды, бұл 2016 жылдың көрсеткішінен 50% жоғары. Физикалық көлем индексі 173,2%-ды құрады, бұл республикалық деңгей көрсеткішінен 47% жоғары.
Сондай-ақ, облыста қысқы маусымдағы туристік аймақтар да жоқ емес. Ағымдағы жылы Еңбекшіқазақ ауданында құны 732,7 млн.теңгені құрайтын «Есік» тау шаңғы курорты, Талғар ауданында жоспарлы инвестиция сомасы 31 млрд. теңгені құрайтын «Апорт-Ақтас» тау-шаңғы курорты құрылысының жобасын іске асыру жоспарлануда. Осымен бірге Алакөл, Балқаш, Көлсай көлдері, Қапшағай су қоймасы, Таңбалы қорық-мұражайы, Ақ бұлақ тау-шаңғы курорты, Шарын каньоны сияқты туристік нысандарға апаратын жолдардың жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кету керек, облыстағы жақсы жаңалықтардың бірі – биылғы жылы Алакөл көліне 1 миллионға жуық туристер келеді деп күтілуде. Бастапқы деректер бойынша көлге 300 мыңға жуық адам келді. Алматы, Астана қалаларынан әуе рейстерімен 1 мыңнан астам, теміржол желісі бағытымен 15 мыңнан аса адам жеткізілді. «Талдықорған-Үшарал» тас жолында жүріп жатқан жөндеу жұмыстарына қарамастан, автомобиль желісі бойынша келуші адамдар саны әлдеқайда басым.