Қаскелең қаласындағы қоқыстың уақтылы жиналмауына қатысты тағы мәселе туындады. Бұл жолы Абылай хан көшесінің жоғарғы жағы мен «Алматы-Жандосов» тасжолының, сондай-ақ бірнеше саяжайларда күл-қоқыстың көптігі бойынша жергілікті тұрғындар шағым айтуда. Ал бұл аумақтардың тазалығына «ЭкоСити LTD» ЖШС жауапты екенін айта кету керек.
Қалалықтарды алаңдатқан мәселенің мән-жайын нақтылау мақсатында Қарасай аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінен ресми жауап алуға тырыстық. Аталмыш бөлімнің бас маманы Асылхан Русланұлының сөзінше, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қаскелең қаласы әкімдігі мен «ЭкоСити LTD» ЖШС арасында «Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау туралы» келісімшарт бұзылған.
«Осыған байланысты аталмыш компания қызмет көрсететін аумаққа жауапты мекемені анықтау үшін қайтадан тендер жарияланды. Ол жайында ақпарат аудандық «Naqty» газетінде және аудандық әкімдіктің ресми сайтында хабарланды. Ал тендердің қорытындысы тамыз айының басында белгілі болады. Одан кейін комиссия отырысында қызмет көрсетуші компания анықталады», – деді бөлімнің бас маманы Асылхан Русланұлы.
Ал қазіргі уақытта «ЭкоСити LTD» ЖШС қызмет көрсететін аумаққа «ЖАДЕ» компаниясы жауапты болмақ, олармен уақытша келісімшарт жасалды. Яғни, қоқысты жинайтын жаңа мекеме анықталғанша аталған серіктестік Абылай хан көшесінің оңтүстік шетінен «Алматы-Жандосов» тасжолының солтүстік шетіне дейін және бірнеше саяжайларды күл-қоқыстан тазалайды. Төлемақысы «Алсеко» төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
