Талғар қаласындағы «Дарын» инновациялық мектебі 2020 жылдың қыркүйек айында ашылған. Бүгінде бұл білім ордасында 206 оқушы оқиды. Мектептің оқыту бағдарламасы тек қана мемлекеттік стандартпен шектелмейді. Мұнда балалардың бойында зерттеушілік қасиеттерін дамытатын Халықаралық бакалавриат бағдарламасы бойынша сабақтар жүреді, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Білім ордасының ерекшеліктері туралы тереңірек «Дарын» инновациялық мектебінің директоры Гүлжанар Еңкебаевамен әңгімелескен кезде айтып берді.
– Мектептің материалдық базасы толық қамтылған, әр сыныпта 20 оқушыдан оқиды. Білім ордасында 30 ұстаз еңбек етеді. Олар кәсіби біліктілігін көтеру курстарынан жиі өтіп отырады. Әр жұманың екі сағаты мұғалімдердің кәсіби даму уақыты болып белгіленген. Онда арнайы семинар, тренингтер ұйымдастырылып, сабақ өткізу әдістері мен жаңа идеялар ортаға салынады, – дейді «Дарын» инновациялық мектебінің директоры.
1-7 сынып оқушыларының оқыту және жеке тұлға ретінде дамыту бағдарламасы келесі жобаларды қамтиды:
1) 5 сағат – математика + 2 сағат Сингапур математикасы (ағылшын тілінде);
2) 5 сағат – ағылшын тілі (Pre – IELTS books бесінші сыныптардан бастап);
3) Social studies (ағылшын тілінде) MYP IB оқулықтары 5-7 сыныптар;
4) Қазақ әдебиеті тереңдетілген арнаулы оқу бағдарламасы;
5) Әр оқушы жеке зерттеу жобасын жүргізеді (Зерттеу, анализ, қорғау).
6) Жеке қабілетті анықтау методикасы (DISC) арқылы жыл бойы оқушының бойындағы қабілеттерді бақылап, дамытуға жұмыс жасалынады.
7) Small talks, Daryn news, Thinkers time әлеуметтік желідегі жобаларға қатысады.
8) Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында жылына кем дегенде 5 әдебиет оқиды.
9) Жылына екі рет өтетін «Бизнес» және «Кітап» жәрмеңкесіне, Отбасылық марафондарға қатысады.
10) Сыныппен бірге «Өзге елге саяхат» презентациялық жобалар дайындайды.
11) Жыл бойы ынталандыру бағдарламасының нәтижелеріне театр, мұражайларға барады.
12) «Шарықта, Дарын жұлдыздары!» атты жылдық концертке қатысады.
13) Сәуір айында жылдық қорытынды емтихан тапсырып, қосымша жұмыстар жасалынады.
14) Тоқсан бойынша рейтинг жұмыстарының қорытындысы, оқушының дамуы туралы есептер ата-аналарға жіберіліп, жеке жұмыстар жүргізіледі.
– Мектебімізде академиялық білім берумен қатар математика, логика, шахмат, домбыра, робототехника, хореография сабақтары жүргізіліп,оқушылар білімдерін, таланттарын шыңдайды. Олардың басым бөлігі түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Жеткен жетістіктерімізді үлкен мақтанышпен айта аламыз. Оқушылардың жан-жақты дамуы мен робототехника сабағына қызығушылығын арттыру мақсатында робототехника сабағы негізгі сабақ кестесіне сай өткізіледі. Теория мен тәжірибе қатар өткізілетін сабақ барысында білімгерлеріміз өз қолымен детальдардан роботтар құрап, нәтижесімен бөліседі, – дейді орталық басшысы.
Сондай-ақ Гүлжанар Еңкебаева мектеп қабырғасында қазақ халқының ұлттық өнерін әңгімелеу, ұлттық аспап домбыра туралы түсінік беру, оқушы бойына музыкалық тәрбие қалыптастыру, ұлттық өнерді сүйе білуге тәрбиелеу мақсатында домбыра сабағы өткізілетінін жеткізді. Оның айтуынша оқушылар аптасына 3 рет қозғалыспен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін, мәдени сахна өнері – хореография сабағына қатысады.
– Рухани байлығымызды дәріптеу, шығармашылыққа деген талпынысты арттыру, дамуына қолдау көрсету, би өнерінің кең ауқымда өрбуіне атсалысу мақсатында балалар халықаралық «Grand Prix Almaty-2023» чемпионаты, «Бери выше» IV халықаралық хореографиялық өнер конкурсы, «Art winter» атты халықаралық конкурс, «FANTASTIC TALENT» фестиваль-конкурстарында өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды, – деген директор орталықтың осындай жетістіктерін сөз етті.
Мектепте сабақ кестесі бойынша каратэ сабағы аптасына 3 рет өткізіледі. Каратэ сабағының мақсаты – оқушылар бойында отансүйгіштік тәрбиесін күшейту, спортпен тұрақты шұғылдануға тарту, салауатты өмір салтын ұстануды дәріптеу. Оқушылар каратэден аудандық, облыстық, республикалық чемпионаттарға қатысып, әрдайым жүлделі орындарға ие болуда.
– Біз ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Оларға баласының бір айдағы арнайы есебін жібереміз, қай пәннен қандай бағалары бар, қай пәннен білімі төмен екендігі туралы. Бір оқушыға 25-30 бетке дейін есеп жазылады. Сондықтан ата- аналар жиналысқа дайын келеді, әр пәннің мұғалімімен жеке-жеке сөйлесе алады. Ата-аналар мектеп өмірінен тыс қалмай, қажет болған жағдайда демеушілік көрсетіп отырады.Кабинетімізге смарт тақта алып беріп, жағдайы төмен балалардың ақшасын төлеп берген кездер де болды. Баланың үлгерімі нашарлап жатса, біз ондай оқушылармен жеке жұмыс жасаймыз. Оқушыларды мотивациялау, сабаққа деген құлшыныстарын, зейіндерін ынталандыру мақсатында жақсы баға алған балаларға фишка беріп отырамыз.Тоқсанның аяғында 5 фишка жинағандарды міндетті түрде Алматыдағы театрға, Есік, Талғар қалаларындағы мұражай қорықтарға апарамыз, – дейді мектеп директоры.
«Дарын» инновациялық мектебі жай ғана жаңа мектеп емес, ол Халықаралық Бакалавриат (IB) бағдарламасы бойынша авторизациялауға ресми үміткер болып табылады. Бұл оқу бағдарламасы жан-жақты ойлауды, мәдениетаралық түсіністікті және әртүрлі көзқарастарды құрметтеуді дамытуға бағытталған. IB бағдарламасының енгізілуі – мектептегі оқу процесін одан да жаһандық және көп функциялды болуға ықпал етеді, оқушыларды табысты мансап пен өмірге дайындайды
Сәуле ҚҰРМАНТАЕВА.
Талғар ауданы.