Жақында «Келешек меткептері» жобасы аясында салынған Қаскелең қаласындағы білім ошағында Қарасай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Білім сапасы мен қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік» тақырыбында жиналыс өтті. Жиын офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды. Қашықтан кездесуге мектеп директорлары, ата-ана комитеттерінің мүшелері, аудан әкімдігі, прокуратура, полиция басқармасы, орталық аурухана, психологиялық қолдау орталығы және өзге де ұйымдардың өкілдері қатысты. Ал онлайн көрсетілім арқылы 12 мыңнан астам ата-ана қамтылды.
Күн тәртібінде жаңа оқу жылының мақсат-міндеттері, оқушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, мектеп пен ата-аналардың ынтымақтастығы, білім сапасын арттыру жолдары, балалардың денсаулығы мен саламатты өмір салты сияқты маңызды тақырыптар қаралды.
Осы мәселелер төңірегінде түрлі сала мамандары өз пікірлерін ортаға салды. Кәсіби бағдар маманы, психолог Омарбек Нұрбавлиев жас ұрпаққа бағыт-бағдар беруде ата-ананың рөлін ерекше атап өтіп, олардың бала болашағына ықпалы жөнінде құнды ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, ата-ана баланың мамандық таңдауына тікелей ықпал етеді. Сондықтан бұл жауапты кезеңде әрбір ата-ана өз ойын таңуға емес, ең алдымен баласының ойын тыңдауға міндетті. Сондай-ақ проф-ориентолог маман оқу орнын таңдауда ескеретін жайттарды бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп, әрбір баланың бейімділігі мен қызығушылығын назарға алу қажет екенін айтты.
Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева да сөз алып, білім мекемелерінің негізгі бағыттарын айқындап, «Адал ұрпақ» бағдарламасының жасөспірім бойында адалдық пен әділдік құндылықтарын қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Ал аудандық прокуратураның прокуроры Елнұр Амангелді болса оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықтарын қорғау жайлы баяндап, заң аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол балалар арасындағы буллингтің алдын алуға ерекше назар аударды. Буллинг – бұл тек психологиялық және әлеуметтік проблема ғана емес, ол құқықбұзушылық болып табылады.
Бұл жиында қылмыстың алдын алу жөнінде ой-пікірлер де ортаға салынды. Ол жайында Қарасай аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Айдын Жапаркулов атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау үшін полиция қызметкерлері мен мектеп мұғалімдерінің бірлесе жұмыс істеу керек. Сондай-ақ Қарасай аудандық орталық ауруханасының өкілі Дана Таждинова балалардың денсаулығы мен саламатты өмір салты жайында сөз қозғады. Ол өз кезегінде ата-аналардың балалардың дұрыс тамақтануы мен спортқа бейімделуін қадағалауы аса маңызды екенін жеткізді. Ата-аналардың бұл мәселеге баса көңіл бөлуі балалардың денсаулығын сақтауға септгін тигізеді.
Жиын соңында ата-аналар мамандарға түрлі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Бұл жиналыс тек ресми жиын емес, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
