Еліміздің жарқын болашағы өскелең ұрпаққа тәуелді екені – даусыз мәселе. Тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында жастарға үміт артатынын, өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасаудың қажеттілігін атап өтіп, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған еді. Осы ретте еліміздің барлық өңірлерінде балаларға арналған әртүрлі іс-шара ұйымдастырылып, көптеген жұмыстар атқарылуда. Сондай шараның бірі таяуда біздің ауданымызда да өтті. Нақтырақ айтқанда, өткен аптаның жұмасы күні Шамалған ауылдық округінде орналасқан М.Әуезов атындағы орта мектебінде оқушылар арасында «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» атты спорттық эстафеталық ойындар ұйымдастырылды.
Оқушылар арасында спорт және дене тәрбиесін дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау, балаларды тұрақты түрде спортпен шұғылдануға баулуға бағытталған жарыс Алматы облысының № 2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мен аудандық білім бөлімінің бірлесуімен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілді.
Балаларға арналған іс-шараны Алматы облысының № 2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Нұрмаханбетов ашып, жігерлі өрендерге сәттілік тіледі.
– Мемлекетіміз мықты болуы үшін онда өмір сүретін халықтың, әсіресе, жастардың дені сау және рухы мықты болуы тиіс. Осы ретте біз өз тарапымыздан балаларға спортпен айналысуға деген ынта беру мақсатында бүгінгі спорттық шараны ұйымдастырдық. Құрметті жарысқа қатысушы жас өрендер, сіздер еліміздің болашағысыздар, тәуелсіздігіміздің баянды болуы да – сіздердің қолдарыңызда. Бүгінгі жарыста барлығыңызға сәттілік тілеймін, – деді ауданаралық соттың судьясы.
Спорттық шараның бастапқы төрт кезеңінде жарысушылар қолдарына эстафеталық таяқша, доп, секіргіш (скакалка) және үстел теннисінің ракеткасымен шарды алып жүгіру сында спорт ойындарының түрлерімен сынға түсіп, өзара жүйрік команданы анықтады. Ал соңғы негізгі кезеңде шын мықтыны анықтау үшін арқан тартысты. Өз шеберліктерін ортаға салған балалар өздерінің жан-жақты екенін көрсете білді. Жарыс барысында қатысушы топтар бағдарламаның барлық кезеңінен сүрінбей өтіп, өздерінің ептіліктері мен спорттық шеберліктерін танытты.
Тартысты өткен балалар жарысының нәтижесінде М.Әуезов мектебінің оқушылары еш командаға дес бермей І орынды иеленді. Ал көптің көңілінен шыққан Қарасай батыр мектебінің командасы ІІ орын алса, Ә.Бұқарбайқызы мектебінің командасы үздік үштіктен көрінді. Сондай-ақ, қалған командалар «Үздік команда» сияқты бірқатар номинациялар бойынша жеңімпаз атанды.
Бәсекеге толы сайыс соңында жарысқа қатысқан балаларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.