Мемлекеттік «Дарын» жастар, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi Маралтай Ыбраев Қаскелең қаласындағы В. Белинский орта мектебінің оқушыларымен кездесті.
Кешегі ғасырдың 90-жылдары қазақтың жыр әлеміне болмысы бөлек, тумысы басқа бір ақын жарқ етіп келсе, ол Маралтай ақын еді. Өмірдің стандартты қалыбына сыймайтын ол алғаш Алматыға келіп, жазған өлеңдерін оқығанда өлеңнен хабары жоқтың өзі селт ететін. Жыр кешінде ақын жиналған жұртты сондай ерек, табиғаты бөлек жырларымен сусындатты. «Жез қоңыру», «Бақыт», «Мектеп» және тағы басқа туындыларын оқып берді.
Шараны аталған мектептік директоры Тұрсын Сайбырованың әлқисса сөзімен басталып, ақынның өмірбаянымен оқушыларды қысқаша таныстырып өтті. Кездесудің алғашқы бөлімінде оқушылар Маралтай Райымбекұлына арналған елге танымал ақындардың өлеңін оқыды. Ақынның шығармашылығымен терең танысқан балалардың «Бір өлең» айдарымен өздеріне ұнаған шығармалардан алған әсерімен бөлісті. Бір қызығы, дәл осы мектепте Тараз қаласындағы педагогикалық институтында Маралтай ақыннан бірнеше курс төмен оқыған Айнұр Қадырбайқызы мұғалім болып істейді екен. Студенттік кезіндегі досын көрген ұстаз оған өзінің атынан өлең арнады.
Маралтай ақын – мұңның баласы. Сол себепті болса керек, жыр кешіне жиналғандар ақынға түрлі сұрақтар қойып, жауабын білуге асықты. Жасөспірімдердің ақынға қойған сауалдары да ерек. Оны кінәмшілдігінен шынайылығы басым Маралтай ақынның сұрақтардың кейбіріне жауап бергенде тосылып қалғанынан, болмаса «Мұның жауабын білмедім», – деп шын ниетімен айтқанынан байқауға болады. Кеш соңында Маралтай Райымбекұлы осы кездесуге оқушыларды ыждаһатпен дайындаған ұстаздар мен мектеп директорына зор алғыс айтып, ағынан жарылды. Өз кезегінде Тұрсын Әділбекқызы ақын шығармаларының ерекшелігіне тоқталып, оған сый-сияпат көрсетті. Кешке жиналған жырсүйер қауым Маралтай өлеңінің бақша сарайынан жандарына қуат алып, бір серпіліп қайтты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.