Жаңа Конституция жобасына енгізілген нормалар мен қағидалар еліміздің мемлекеттілік негіздерін одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды әрі стратегиялық қадам деп есептеймін. Егемендік, тәуелсіздік, унитарлық құрылым мен аумақтық тұтастықтың өзгермейтін құндылық ретінде айқындалуы — Қазақстанның берік әрі тұтас мемлекет болып дамуының кепілі. Бұл — ел тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздіктің құқықтық тұрғыдан нақты бекітілуі.
Конституция мәтінінде жалпыхалықтық референдум институтының нақтылануы және халықтың билікті тікелей жүзеге асыру мүмкіндігінің күшейтілуі — азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу деңгейін арттыратын оң өзгеріс. Бұл демократиялық үрдістердің тереңдей түсуіне және қоғам сенімінің нығаюына жол ашады.
Сонымен қатар ұсынылып отырған «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы билік тармақтарының тепе-теңдігі мен өзара жауапкершілігін күшейтетін тиімді басқару үлгісі болып табылады. Бұл модель стратегиялық шешім қабылдауда орнықтылықты сақтай отырып, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, Конституция жобасындағы жаңашыл бастамалар адам құқықтарын қорғауды, құқық үстемдігін орнықтыруды және институционалдық дамуды жүйелі түрде күшейтуге бағытталған. Бұл өзгерістерді елдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет ететін берік құқықтық негіз деп бағалаймын.
Серікхан Әділханов,
Алматы облыстық мәслихатының депутаты, Қарасай ауданының Құрметті азаматы.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
