Алдымыздағы президенттік сайлауға «Nur Otan» партиясы атынан кандидат ретінде қатысатын Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауданнан құрылған қоғамдық штабы, желілік кестеге сәйкес, өз жұмыстарын жүргізуде. Үгіт-насихат шарасы бойынша кезекті жүздесу Шамалған ауылдық округінің тұрғындарымен өтті. Кездесуде алдымен сөйлеген аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандағы қоғамдық штабтың жетекшісі Ақшолпан Марат ұсынылған үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлының тұғырнамасымен шамалғандықтарды таныстырып, оның туған күніне орай құттықтауын да білдірді. Кандитаттың белсенді әлеуметтік саясатқа ерекше мән беріп, жалғызбасты және көп балалы аналарға, мүгедектерге және зейнеткерлерге қолдау көрсетуді міндетті түрде жалғастыратынын да айтып өтті. Бұған қатысты өзге штаб мүшелері де өз пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасындағы бизнесті қолдау және дамыту жүйесін модернизациялау басым бағыттардың бірі екендігі атап көрсетілген еді. Түстен кейін осы бастаманы айқындап түсіндіруге аталмыш партияның аудандық штаб өкілдері Қаскелең қаласында орналасқан «Coppa Italia» ЖШС-ге бет бұрған еді. Мұндағы жиынды да Ақшолпан Қайратқызы ашқаннан кейін, штаб мүшелері Баян Мұхамедиярова, үміткердің отбасы мен еңбек жолы жайлы кеңінен ақпарат берсе, ал, «Каскелен-Ж» ЖШС-нің басшысы, аудандық мәслихат депутаты Жеңіс Бектасов пен «Дәулет-Серпін» ЖШС-нің директоры, аудандық мәслихат депутаты Жалғасқан Доңбаев оның кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін мемлекеттік қолдау бағдарламаларына көңіл бөлуді жолға қойып отырғандығын сөз етті. Сонымен қатар, жиын барысында кәсіпорынның қызметкерлеріне Қ.Тоқаевтың «Birge» жалпыұлттық акциясы аясында ұсыныс-тілектерін жазуға арналған сауалнама парақшалары таратылды. Басқосу соңында олардың барлық өтініштер арнайы қорапшаға жинақталып, әрқайсысы алдағы уақытта ескерілетіндігі айтылды.
Б. ЕРМЕКҚЫЗЫ.