Осы аптада аудан тұрғындарының сұранысы негізінде Қаскелең қаласы мен Әйтей арасын жалғайтын №3 және «Қаскелең – Жандосов – Бекболат» бағытында жүретін №5 қоғамдық көліктер жаңартылды. Кең көлемді «Yutong» маркалы автобустардың жалпы сыйымдылығы 54 жолаушыға арналса, отыратын орын саны – 22.
Автобустардың жүріс бағытына келер болсақ, №3 маршрут алдымен Әйтей ауылының кейбір ішкі көшелерін қамтып, «Алматы-Бішкек» тасжолы арқылы Қаскелеңнің Мақашев көшесіне түседі. Одан кейін Қарасай батыр көшесінің бойымен «Жер-Ана» базарының артымен өтіп, қаланың автобекетіне тоқтайды. Ал кері бағыты дәл осы жерден, яғни Абылайхан көшесінен басталады.
№5 қоғамдық көлік болса, Қаскелең қаласындағы ХҚКО-ның маңынан бастап, Жанғозин, Наурызбай батыр, Абылай хан көшелері арқылы Шалқар ауылына қарай бет алады. Осы елді мекеннен шығып, Жандосов, Шамалған, Бекболат, Қайнар сияқты ауылдардың басты көшелерін басып өтеді.
Қоғамдық көліктерде жолақыны «AlemPay» компаниясы қойған терминалмен және басқа да банк карталары, QR-код арқылы төлеуге болады. Жолаушылар үшін бекітілген жолақысы – 120 теңге, қолма-қол төлейтін болса, оның құны – 200 теңге.
Айта кетейік, Қарасай ауданының әкімдігі субсидиялайтын бұл екі бағыттағы автобустардың жүру қызметіне «Алматы облысының жолаушыларды тасымалдау» компаниясы жауапты.
Жаңартылған автобустардың бірлік саны бұрынғы қалыпта қалады. Яғни №3 маршрутта екі, ал №5 бағытта төрт автобус жүреді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
