Өткен аптада Қарасай ауданына ҚР Мәжіліс депутаты Данияр Әлімбаев арнайы келіп, аудан бойынша шешілмеген бірқатар мәселеге көз жеткізді. Соның бірі көпшіліктің көңілінен шықпайтын қоғамдық көлікке қатысты болды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының Қарасай аудандық филиалында талқыланды.
Жиынға Қарасай аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы Жанат Шакиров пен «Қаскелең автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Арыстан Мананов арнайы шақырылды.
Көтерілген басты мәселенің бірі – аудан арасындағы қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі. Одан бөлек, Қаратөбе сияқты шалғайдағы ауылдарға автобустардың қатынамауы сөз болды. Бұл мәселенің оңтайлы шешілмей жатқандығын осы салаға жауапты маман Жанат Ержанұлы субсидиямен байланыстырды. Оның айтуынша, маршруттардың жалпы қозғалуы 257 шақырымды құрайды. 12 көліктің 6-ы «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің шығындарын өтемеуіне байланысты тоқтатылған.
Аталған мәселе Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының субсидия бөлінуімен байланысты болғандықтан, оның шешілуіне Мәжіліс депутаты Данияр Кеңғазыұлы қолдау білдіретінін айтты.
Одан бөлек, жиын барысында қарасайлықтар жолақысын тиімді төлеу үшін Алматы қаласында жүретін автобустардағы «Оңай» жүйесі де тақырыпқа арқау болды. Бұл тәсіл жеңілдікпен жүретін оқушылар, зейнеткерлер және басқа да әлеуметтік топқа жататын тұрғындар үшін керемет мүмкіндік екені түсіндірілді. Сонымен қатар, Алматы қаласынан тікелей ауданға қатынайтын қоғамдық көліктерді қарастыру жағы да айтылды. Айтылған мәселелерді халық қалаулысы Данияр Әлімбаев жеке бақылауына алып, Алматы облысы мен Алматы қаласының басшыларына, осы салаға жауапты басқармаға арнайы хат жолдап, біржақты шешуге уәде етті.
Халықтың наразылығынан туындаған мәселенің тағы бірі – Қаскелең ішінде жүретін қоғамдық көліктер. Осы кезге дейін оның шешімі табылмағаны мәжіліс депутатын да ойландырып тастады. Данияр Әлімбаев, тіпті, қала бойынша қоғамдық көліктің тұрақты түрде жүрмеуіне таңқалды. Оның себебін «Қаскелең автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Арыстан Мананов түсіндіріп берді. Айтуынша, қала ішінде жүретін қоғамдық көліктер өзін ешқашан ақтамаған емес. Халық оған отырмай, жол-жөнекекй жүретін таксилерге мінетін көрінеді. Аталған мәселеге қатысты Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Мұхтар Байқұлов басқаша пікір білдірді. Оның сөзіне сүйенсек, керісінше қала тұрғындары қоғамдық көліктердің жүрмеуіне наразы. Әсіресе, Райымбек көшесінің бойындағы (бұрынғы Сенная) тұрғындар үшін автобустардың қажеттілігі қатты білінеді. Осы ретте Қарасай ауданының халық қалаулысы сынақ ретінде сол қоғамдық көліктерді тағы жүргізіп көрсе деген ұсынысын білдірді. Мұны Мәжіліс депутаты Данияр Кеңғазыұлы бірден қолдап, оны жақын күндері іске қосу керектігін түсіндірді. Бұл бастамаға Қаскелең автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Арыстан Мананов та келісті.
Айтылған ұсынысты жүзеге асыруға қатысты «Nur Otan» партиясының Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Қаныбек Айтжанов пен оның әріптесі Елена Константинова да оң пікірін білдірді.
Жиында түрлі ойлар ортаға салынғанымен, ағымдағы жылдың 1 наурызында сынақ ретінде қала ішінде қоғамдық көліктер жүретін болды. Оның саны мен жүру кестесі әзірге белгісіз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.