Халық наразылығы мен өтініші кез келген басшыны алаңдататыны сөзсіз. Олай деуімізге негіз болып отырған аудан әкімінің Қаскелең қаласы тұрғындарымен болған есептік кездесуінде тұрғындар тарапынан көтерілген қала ішіндегі қоғамдық көлікке қатысты біраз мәселелерді айтуға болады. Аталған сауалдарды ескерген шаһар басшысы Асқар Мұқашев аптаның екінші күнінде «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-не қарасты қоғамдық көліктердің жүру кестесін бақылап, олардың жұмыс барысымен танысты. Алдымен қала әкімі таңғы 7-20-да «Сәукеле» ықшам ауданынан алғашқы рейспен қозғалатын қоғамдық көліктің жұмыс тәртібімен танысып, әр аялдамасына келу уақытын да қадағалауды жөн көрді. Одан кейін қаланың оңтүстік бағыты мен халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арасында жүретін көліктердің жүріс аралығын тексеріп, тұрғындармен де тілдесті.
Жалпы, қала ішіндегі қоғамдық көліктер жайлы қаскелеңдіктердің ой-пікірі жаман емес, олардың арасында үнемі осындай шағын автобустармен қатынайтындар да кездесіп жатты. Мәселен, «Сәукеле» ықшам ауданынан қатынайтын жолаушылардың бірі оқушыларды әрдайым екі ауысым бойынша дәл уақытымен тасымалдайтынын айтып, коғамдық көліктерге деген ризашылықтарын жеткізді.
Қала әкімі Асқар Өкенұлы жоғарыда аталған көліктерден бөлек, аудан орталығының ішіндегі кейбір көшелерді басып өтіп, Жандосов пен Әйтей ауылдық округтеріне дейін жүретін қоғамдық көліктердің жүру бағыттарымен де танысты. Барлығының жұмыс барысына көз жеткізген қала басшысы олардың сапасына да көп көңіл бөлді.
– Жақында аудан басшысы біздің қала халқымен есептік кездесу өткізген еді. Сол жиында ортаға салынған мәселелердің ішінде осы қала ішіндегі қоғамдық көлікке қатысты біраз сұрақтар қойылған болатын. Бүгін соған байланысты «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің өкілдерімен таңғы 7:00-ден бастап бірнеше автобустардың жұмыстарымен таныстым. Автобустардың жүру кестесі тұрақты, сапасы да төмен емес екеніне көзім жетті, – дейді қала басшысы.
Бұл көліктердің әр күн сайын өз жұмысын бастамас бұрын бірнеше сараптамадан өтуі де қадағаланады екен. Ол жайында «Қаскелең автобус паркі» ЖШС жолаушылар тасымалдау жөніндегі директорының орынбасары Даулет Жандыбаев былай дейді: «Қала әкімдігімен бірігіп бүгінгі көліктердің жұмыс барысымен танысу ойдағыдай өтті. Бұл көліктер күнделікті медициналық, техникалық тексеруден өтіп қана өз қызметтерін бастай алады».
Өз кезегінде қала әкімі Асқар Мұқашев қаладағы кейбір көшелердің тас жолдарын жөнге келтіріп, біз айтқан шағын автобустарды сол көше бойымен жүргізу жоспарда бар екенін айтты. Сонымен қатар, тұрғындардың сұрауы бойынша қала ішінде бұрын қызмет көрсеткен №№1,2,3,4 қоғамдық көліктерді қайта іске қосуды да ойлап отыр. Мұны «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің өкілі де құптайтынын жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.