Алматы облысы дін істері басқармасының қолдауымен «Рухани керуен» жобасы қазіргі таңда ауданымызда жүйелі жұмыстарды атқарып келеді. Аталмыш іс-шара Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып, көптеген мәселелердің шешімін табуға септігін тигізуде. Жуырда сондай игі іске бастамашы болып, аудандық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің ұйымдастыруымен кезекті жиын болды. Райымбек ауылдық округіне қарасты М.Ғабдуллин атындағы орта мектепте өткізілген семинар-кеңесте бірқатар мәселелер талқыланды. Оның ішінде «Дін және қоғам» тақырыбында өзекті ойлар айтылып, ауыл имамдарының өтініштері тыңдалды. Семинар-кеңеске Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Қордай Әбілбеков жетекшілік етіп, жүргізіп отырды. Сондай-ақ, айшықты ойларын ортаға салу үшін құрметті қонақ ретінде Жаңатұрмыс мешітінің бас имамы Сабыр Тоқтауылов, аудандық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Атлана Исаева, Райымбек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманжан Мамырбеков шақырылды.
Жиын барысында «Дін және қоғам» тақырыбынан бөлек діни сауаттылық, діни ағымдардың қауіптілігі, оқушылардың мектептегі тәрбиесі сияқты қоғамдық түйткілді ойлар айтылды. Алғаш болып сөз алған Жаңатұрмыс мешітінің бас имамы Сабыр Мүбәрәкұлы жиынға қатысушыларды келіп жеткен «Мәуліт айы» мерекесімен құттықтады. «Дін – бейбітшілікке шақырып, жақсылыққа үндейтінін естен шығармағанымыз дұрыс. Біздің мемлекет зайырлы болғандықтан, дін бостандығының арқасында теріс ағымнан сақ болайық. Сондықтан діни сауаттылықты арттырам деушілерді мешіттегі білікті ұстаздардан білім алуға шақырамын», – дейді бас имам. Ал, Қырғауылды ауылындағы Халифа Алтай мешітінің бас имамы Тоқтар Нәсірханұлы залға жиналған ұстаздар қауымына ұсынысын білдірді. Оның айтуынша, әрбір мектеп ауыл имамдарының қатысуымен аптасына бір рет «дін» тақырыбында тәрбие сағаттарын өткізіп, кездесулер ұйымдастырса екен. Сөйтіп, оқушылардың ойларын жастайынан тура жолға бағыттап, діннің қоғам алдындағы маңыздылығын түсіндірсек, дейді. Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Қордай Орынбайұлы ауыл имамының ұсынысып құп көріп, назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.
Осылайша діни тәрбиенің ауқымын кеңейту мақсатында бірнеше ұсыныстар да тыңдалынып, дін мен қоғам арасындағы түрлі пікірлер көпшілік үшін маңызды ақпарат пен насихатқа айналды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.