Осыдан бірнеше ай бұрын Қаскелең қаласындағы «Алтын ауыл» ықшам ауданында Асылбек Жалдыбаев ашқан «Күш-қуат» оңалту орталығы туралы жазғанбыз. Кенеттен болған көлік апатының салдарынан арбаға таңылған азамат тәуекелге бел буып, өзіне де өзгеге де демеу болып, аяқтан тұруға жетелейтін жақсы бір шаруаны қолға алған еді. Аталған ықшам ауданның көпқабатты үйлерінің бірінің жертөлесін жалға алып, жаттығу залының жұмысын жасқанбай бастап кеткен жігіттің ісі алға басып келеді. Алғашқы нәтижелер де байқалуда.
Орталықтың тіршілігі қыза бастағаны бірден білінді. Адам ағзасының әрбір дене мүшесіне, бұлшық еттерінің қимыл-қозғалысына лайықталып, ойластырылып қолдан жасалған жаттығу құрылғыларының саны артып, тұрақты келушілер пайда болған. Қазір мұнда Аида есімді емдік дене шынықтыру нұсқаушысы жұмыс істейді. Осы салада 20 жылдай тәжірибе жинақтаған медициналық білімі бар маман әр науқастың денсаулық жағдайына, жас ерекшелігіне байланысты жеке емдік бағдарламаларын құрып, соған сай тиісті құрылғылармен жаттығуға көшеді. Жоғарыда айтқанымыздай оң нәтижелер көрініп келеді. Мысалы, Рүстем Нұрманұлы осында екі айдан бері үздіксіз қатынайды. Таңғы тоғызда басталатын оңалту үрдісі кешкі беске шейін жалғасады. Бастапқыда орнынан тұра алмайтын ол бүгінде сүйемелдегіш (ходунок) арқылы қозғала алатын болған. Сол сияқты, 32 жастағы Дулат Кәрібаев та оқыс оқиғаның салдарынан мүгедектікке шалдыққан. Омыртқасына келген ауыртпашылықтан аяғынан жан кеткен ол қалыпты өмірден қағылып, үйден шыққысы келмейтін күйге енген. Әпкесі орталық жайында естіп, осында әкелген соң ғана айналасына, өмірге өзгеше көзқараспен қарайтын болған. Себебі, мұндағы жағдай басқаша. Өзі тағдырлас адамдар. Келушілермен ортақ тақырыпта әңгімелесіп, ой бөлісуге мүмкіндік бар. Ең бастысы, бір айдан бергі тұрақты жаттығулардың арқасында аяғы ақырындап қимыл-қозғалысқа келе бастаған.
Асылбектің айтуынша, іс барысы ретімен түзеліп келеді. Орталық жайында көптеген жарымжан жандар құлағдар болғанымен, олардың келіп-кетуі қиын. Оңалту бағдарламасының айлық ақысын қолжетімді, келісімді қылып оларға өз тарапынан қолдау көрсеткенімен, транспорт жағынан кедергілер бар. Аудандағы бір ғана инватакси аздық ететіндей. Сол үшін де жас жігіт келешекте орталықта көлік тасымалын ұйымдастыруды көздейді.
– Шынын айтқанда, арбаға таңылып, үнемі біреудің демеуіне тәуелді болатын адамның жағдайын екінің бірі түсіне бермейді, – дейді Асылбек. – «Алтын ауылға» жетіп алған күннің өзінде, жертөледегі жаттығу залына мүгедектер арбасымен түсу оңай емес. Сол себептен де қазір бізде электрлі пандустың қажеттілігі туындап отыр. Оның бағасы шамамен 500-600 мың тұрады. Егер демеушілер табылып, осы жағынан қолдау көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда балалардың емдік дене жаттығуын жасататын нұсқаушы маман іздеймін. Өйткені, өкінішке орай төсекке таңылған балдырғандар да арамызда аз емес. Ал, олар ерекше назарға алынуы тиіс.
Кейіпкеріміздің осы оңалту орталығы арқылы қандай да бір пайда табуды көздеп отырмағаны анық. Керісінше, осы жердің тағдырластардың бір-біріне қарап болашаққа деген сенім оты лаулай түсетін, олардың жазылуға деген құлшынысын арттыра түсетін мекен екенін түсінесің.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалына барып жақсы жоспарларымен бөліскен А.Жалдыбаев «Бизнес-кеңесші» курсында іскерлік біліктілігін арттырып та алған. Алдағы уақытта тиімді шарттармен айтарлықтай қаражатқа қол жеткізетін болса, мемлекет тарапынан қолдау көрсе, жер телімін алып, мүгедектердің еш қиындықсыз кіріп-шығып, тіпті жатып емделуіне жағдай туғызатын жеке ғимарат салып, игі ісін сонда жалғастыруды армандайды. Әсіресе, өзінен, тұрақты келушілерден үздіксіз жаттығулардан байқалған оң нәтижелер Асылбектің сол мақсатқа деген құлшынысы мен сенімділігін арттыра түскендей…
Клара КӨПБАЕВА.