Күні кеше ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Алматы облысына іссапармен келіп, Қарасай жеріне де арнайы ат басын бұрды. Ауданға келудегі басты мақсаты – «Сәуле Сапар» оңалту және дамыту орталығының жұмысымен танысу.
Светлана Қабыкенқызы алдымен үкіметтік емес ұйымның жалға алып отырған ғимаратын аралап көрді. Министрді аталған орталықтың негізін қалаушы Сәуле Рахымжанова қарсы алып, ерекше балаларды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Министр Светлана Жақыпова оңалту орталығының бүгінгі нәтижелі жұмыстарын лайықты бағалады. Психолог, логопед-дефектолог, емдік жаттығумен айналысатын және басқа да білікті мамандардың еңбектеріне тәнті болып, ерекше балалардың қадам басуға деген құштарлығын көріп, өнерге деген ұмтылысын байқады. Сондай-ақ бүлдіршіндердің шат-шадымен көңіл-күйлеріне бірге ортақтасып, жылы лебізін де білдірді.
Кездесу барысында «Сәуле Сапар» қоғамдық бірлестігінің дамуына қатысты мәселелер де талқыға салынды. Мекеме өкілдері әрбір баланың жаттығуына, дамуына қатысты үкіметтік емес ұйымға бекітілген стандарттарға өзгеріс енгізілсе деген ұсыныстарын білдірді. Мәселен, құқықтық нормаға сәйкес әр балаға тиісті шаршы метр бойынша төсек-орны болуы тиіс. Ал бұл талап әзірге бұл ғимараттың жағдайына сай келмей тұр. Осы сияқты басқа да сұрақтар талқыланды.
Бұл ұсыныстардың бәрі Светлана Қабыкенқызы ескерілетінін айтып, қазіргі уақытта осындай оңалту орталықтарына қойылған талаптар қайтадан зерделеніп жатқанын түсіндірді. Алдағы уақытта ҮЕҰ-дарға лицензия беру тәртібі де, стандарт құқықтары да өзгеретінін айтты.
Сондай-ақ ведомство басшысы бұл мекемеде нәтижелі жұмыстар көрініп тұрғанын ерекше атап өтіп, алдағы уақытта осы қарқынмен жұмысты жалғастыруын алға тартты. Қажет болса, мамандардың біліктіліктерін арттыруды ұмытпау керек. Өйткені олардың білімді, жан-жақты болуы баланың дамуына жұмсалатын күш екенін айрықша жеткізді.
Айта кетейік, талай мүмкіндігі шектеулі балаларға үміт сыйлап отырған «Сәуле Сапар» оңалту орталығына үкіметтік емес ұйым ретінде тіркеліп, ресми түрде жұмыс істеп келе жатқанына үш жылдай уақыт болып қалды. Осы уақыт аралығында мұнда жүру мүмкіндігінен үміт үзгендердің біразы аяқтарына нық тұрып, қадамдарын сеніммен басып келеді. Сондай-ақ ерекше бүлдіршіндердің тірек-қимылдары қатайып, өнерге деген құштарлығы артуда.
Бүгінгі таңда мұнда әлеуметтік қызмет көрсету бағдарламасы арқылы 125 бала тегін ем қабылдайды. Ал олармен 25 білікті маман жұмыс істеп, әр баланың дамуы жолында табандылық танытуда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ, суретті түсірген
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
