Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында 382 адам қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 3,3 есеге көп. Оның ішінде 11 жасқа дейінгі 6 бала, 16-17 жас аралығындағы 3 бала, 18-20 жас аралығындағы 9 адам, 21-29 жас аралығындағы 72 адам, 30-39 жас аралығындағы 120 адам, 40-49 жас аралығындағы 100 адам, 50-59 жас аралығындағы 54 адам, 60 жас және одан жоғары жастағы 18 адам алаяқтардың арбауына ұшыраған.
Зардап шеккендердің 71,5 пайызы, яғни, 273-і әйелдер болса, 11-і зейнеткер, 3-і студент.
Дереккөз: kz.kursiv.media
Талғар аудандық әкімдігінде өткен жиынға арқау болған заңсыз лотерея автоматтары мен қаржы пирамидаларының мәселесі ел бойынша ушығып тұр деуге болады. Өйткені аз ғана ақша салып табан астында байып кеткісі келетін қоғамның «әлсіз» топтары күн өткен сайын көбеюде. Қазақстан Республикасы қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті (ЭТТД) мен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің маман дары, жергілікті полиция қызметкерлері (учаскелік полиция қызметкерлері) мен кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің, мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары, аудан кәсіпкерлері мен БАҚ өкілдері қатысқан бұл жиында кәсіпкерлер мен көпшілікке кәсіби тұрғыда кеңестер беріліп, заңсыз лотерея автоматтарын өздері қызмет көрсетіп отырған ғимараттарға қойғызбау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мамандар берген ақпарат бойынша жыл басынан бері осындай алаяқтардың құрбанына айналғандар саны 9 мыңға жуықтаған.
Жиын барысында мамандардың айтқан дерегіне сүйенсек, 2016 жылдың 9 сәуірінде қабылданған «Лотерея және лотерея қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес, лотерея операторы болып табылмайтын жеке азаматтардың лотерея ойындарын өткізуге құқығы жоқ және заңмен тыйым салынған. Спикерлер осылайша лотерея немесе қаржы пирамидаларының атын жамылып, құмар ойындарын және бәс тігу секілді бассыздықтарды жүргізуге жол берілмейтінін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Үкіметі 2016 жылдың 2 қарашасынан бастап рұқсаты лотерея операторынан басқа барлық лотереялық терминалдардың (сары-жасыл аппараттар) қызметіне тыйым салынатындығын ескерткен. Сала мамандарының айтуынша, Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2017 жылғы 10 ақпан айындағы №48 қаулысымен «Сәтті жұлдыз» АҚ лотерея операторының ғана ресми рұқсаты бар. Аталған лотерея операторы осы негізде үш түрлі лотереялық өнімді ұсынады. Олар: TeleBingo, LottoClub, LottoMatic лотериялық ойындары.
Тарқатып айтар болсақ, TeleBingo – тираждық лотерея ретінде әр сенбі күні сайын сағат 20:00-де «Жетінші арнада» көрсетілетін ұтыс ойыны. Ескі берілістің аналогы «ТВ Бинго» болып табылады.
LottoClub – әр түрлі клубтық лотереялар желісі. Онда LottoClub лотерея таратушыларын тауып бақылайды. Таратушылар өз кезегінде лотерея операторының өнімдерін лотерея компаниясына және олардың клубтарына сатады.
LottoMatic – лотереяға қатысуға арналған жабдықты пайдалана отырып өткізілетін бірнеше жеке электрондық лездік лотерея ойындарынан тұратын лотерея түрі.
Сонымен қатар Алматы облысының аумағында заңсыз ойын бизнесі мен кәсіпкерлік түрлерін ұйымдастыру мақсатында жалған лотереялық терминалдарды орнату үрдіске айналған. Бұлар негізінен адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда, оның ішінде, әсіресе, супермаркеттерде, дүкендер мен базарларда, кафелер мен саябақтарда жиі кездеседі. Оларға қолындағы бар ақшасын салып, көп асаймын деп құр алақан қалатындар саны да күрт өскен. Өйткені оңай жолмен ақша тауып, табан астында байып шыға келгісі келетіндердің көптігі сонша, тіпті, қалтасының қағылғанына қарамастан, әйтеуір, бір ұтамын деген соқыр сеніммен ойын автоматтарының құрбанына айналатындар да аз емес. Осыған байланысты ЭТТД-нің қызметкерлерінің қатысуымен лотерея атын жамылып құмар ойындарын және облыс аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, заңсыз лотерея терминалдарының адамдар көп жиналатын жерлерде орналастыру мүмкіндіктерін шектеу мақсатында профилактикалық іс-шаралар мен түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп келе жатқанына қарамастан, алаяқтардың арбауына түсетіндер саны толассыз өсуде.
Бұл ретте Алматы облысының ЭТТД аға жедел өкілі Бақытжан Бауыржанұлы, ЭТТД-ндегі қаржы пирамидалары бойынша өкілі Жалғас Ермекұлы, Татьяна Григорьевна, «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалының басшысы Айдос Ермекұлы көтерілген мәселелерге қатысты облыс көлеміндегі ақпараттармен бөлісіп, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Сауалдардың дені алаяқтықтың қандай түріне болмасын алданбаудың жолдары төңірегінде туындап, тиісінше адамдардың өз құқықтарны қалай қорғауы жөніндегі мамандар кеңесіне ұласты.
Қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтарының құрбаны болғандар туралы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, өкінішке қарай олардың көп бөлігін Алматы қаласы және Алматы облысы тұрғындары құрайды. Елде қаржы пирамидасы құрбандарының саны үш есе артты деп дабыл қаққан ашық ақпарат көздеріндегі деректерге көз жүгіртсек, тек осы жылдың қаңтар-сәуір айлары арасындағы қорытынды бойынша «Инвестициялық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабымен 45 қылмыстық іс тіркеліпті. Оның 7-еуі Алматы қаласында орын алған. Ең сорақысы сол, олардың арасында 11 жасқа дейінгі 6 бала бар. Ал ең көп зардап шеккендердің жасы 30-39 аралығында болса, 20-ға жуық 60 жастан асқан қарт адамдар алаяқтардың құрбанына айналған.
Сарапшылар қаржы пирамидаларының қожайындары азаматтарды өзі құрған ұйымдарға қомақты қаражат салуға көндірудің түрлі жолдарын пайдаланатынын айтады. Бұл орайда дәніккен алаяқтар интернет ресурстарын жиі қолданатын көрінеді. Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі биылғы жылдың 3 айында Қазақстанда қаржылық пирамида белгілері бар 4 мыңға жуық сайт пен аккаунтты бұғаттаған. Осыған байланысты қаржы пирамидаларынан келген залал 12,2 млрд теңгеге жуықтаған. Бұл бір жыл бұрынғы статистикамен салыстырғанда 2,1 есе артық. Тек биылдың өзінде қаржы пирамидаларын құрған 30 адам ұсталған. Қылмыскерлердің басым бөлігін қаржылық сауаты жоқ, жұмыссыз азаматтар құрайды.
Сондықтан Алматы облысы ЭТТД-нің мамандары заңды лотерея автоматтарының арнайы штрихкодтары болатынын айтып, заңсыз лотерея мен қаржы пирамидаларына қатысты қандай да бір күдікті аккаунттар мен адамдарға, ұйымдарға қатысты мәліметтер болса құқық қорғау орындарына хабарлап, оларға қарсы бірлескен іс-қимыл жүргізуге шақырады.
Сөз соңында мол қаржыны аяқ астынан қарпып қаламын дегендер қандай да болмасын ұйымға, лотереяға қаржы салмас бұрын, оның артында не тұрғанына, салдарының қандай боларына зер салғаны жөн екенін айтқымыз келеді. Өйткені тірнектеп жиған қаржысы көрінген алаяқтың қолтығында кетіп жатқандар құқық қорғау орындарына жүгінгенімен, уысынан шығып кеткен қаржысын толығымен қайтарып алатынына ешқандай кепілдік жоқ.
Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ.