«Бала тілі – бал», «Өнерлі бала өрге жүзер», «Адам болатын бала алысқа қарайды»… Айта берсек, бала туралы мақал-мәтелдер өте көп. Ата-бабамыз бұндай сөздерді бекер айтпағандығын да байқап жатамыз. Бала дарынды, өнерлі, талантты және жан-жақты болса, оған да таңқалмасқа болмас. Сондай жас таланттардың бірі – Қаскелең қаласының кішкентай ғана тұрғыны, «Брусничка» балабақшасының тәрбиеленушісі Ақелік Есенәлі туралы 1 маусымдағы мерекелеріне орай әңгіме қозғайтын боламыз.
Бұл қыз сырт көзге сондай нәзік әрі кішкентай. Жасы небәрі бесте. Қазақ ақындарының інжу-маржан өлеңдерін үш жасынан құлағына құйып өскен Ақелік қазір олардың жиырмаға жуығын жатқа біледі. Өзі әнді де айтады, биді де билейді, мәнерлеп өлең де оқиды. Тілі шыға бастаған Ақелік ән айтуға құмар болыпты. Естіген әнін бірден жаттап алады, көргеніне қызығушылық танытып, білмегенін сұрап алатын әдеті тағы бар. Анасы мектепте оқитын ағасы Ескендірге үйге берілген тапсырманы орындатып, өлеңдерді оқытып жатқан кезінде Ақелік те бірге жаттап алады екен. Осылайша, кішкентайынан жырға құмар бүлдіршін А.Құнанбайұлы, Ы.Алтынсарин, М.Мақатаев және тағы да басқа ақындардың шығармаларымен таныс болған. Уақыт өте көлемі үлкен өлеңдерді де бірден жаттап қабілеті таныла бастайды. Тіпті, әкесі Орман мен анасы Ақмаралдың дастархан басында, қасиетті жұма күні оқылатын Құран сүрелерін де бір естігеннен есіне сақтап алып, қазір мүдірместен айтып жүр. Ата-анасының, сөзінше сүрелерді кішкентай қыздарына арнайы үйретпеген, қағілез қабілетінен болар деп болжайды.
Ақелік өзімен бірге баратын балабақшадағы балалардың арасында да сабырлы, салмақты мінезімен ерекшеленеді екен. Райхан Әлібекова басшылық ететін «Брусничка» балабақшасының ересек тобының тәрбиешілері Дана Дүрменова мен Гүлнұр Жақыпова өнерлі бүлдіршінмен мақтанатындықтарын айтты. Тәрбиешілер: «Ақелік – өте жауапты, нағыз талант. Үйінің кішісі болғанымен еркелігі жоқ. Алғыр, ақылдылығымен қатарластарынан оқ бойы озық тұрады. Айтқан тапсырманы бұлжытпай орындайтындығы көпке үлгі» – дейді. Осындай қабілеттерін байқаған тәрбиешілері де өткен жылдан бастап дарынды бүлдіршінді онлайн жыр байқауларына қатыстыра бастаған. Нәтижесі де жаман емес. Мәселен, ІХ Халықаралық балалар, жасөспірімдер мен ересектерге арналған «Жас дарын» өнер додасында 1-дәрежелі лауреат, республикалық «Дала сазы» байқауындағы «көркем -сөз» номинациясы бойынша 1-орын, «Өнерлі өркениет» республикалық сайысында «сахналық көрініс» номинациясы бойынша диплом және тағыда басқа облыстық, аудандық жыр байқауларында марапаттарды иеленген.
Балаға көбірек көңіл бөліп, бойындағы дарынды одан әрі дамытуды көдеген анасы Ақелікті гимнастикалық би үйірмесіне апарып, қатыстырып жүр екен. Мектеп табалдырығын әлі аттай қоймаған бүлдіршініміз сәл-сәл әріптерді де танып келеді, онымен қоса ағылшын тілін де меңгере бастапты. Иә, бұл балақайымыз осындай қабілеттерімен көзге түспей қоймасы айдан анық. Адамдармен тез тіл табысады, ақкөңіл, өзі қазақилыққа құмар екен. Ойын еркін жеткізе біледі.
Өнерлі балақайдың ерекше арманы да бар. Ол өскенде дәрігер болып, кішкентай балаларды түрлі аурулардан емдеп жазғысы келеді. Ендеше, арманың орындалсын дейміз! Ақелікке тек сәттілік тілейміз! Шырағың сөнбесін, өнерлі балақай!
Бұрым ОРЫНБАСАР.